Бүгін – Абай күні. Былтырдан бері 10 тамыз «Абай күні» деген атпен мерекелік дата...
«Әкем немересін көре алмады»: Мұрат Бисембиннің қызы жан сырын ақтарды
әлеуметтік желіден
Белгілі қазақстандық актер Мұрат Бисембиннің қызы Диана әлеуметтік желіде әкесінен айырылғаннан кейінгі ауыр кезең туралы айтып, жүрекжарды жазба жариялады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Диананың айтуынша, әкесі қайтыс болғаннан кейін өмірге қайта бейімделу оңай болмаған. Ол көпшілікке тек жақсы сәттерін көрсетуге тырысқанымен, іштей қатты қиналғанын жасырмады.
«Әкемнің өмірден осыншалықты ерте кететінін ешқашан ойламадым. Ол салауатты өмір салтын ұстанатын, өте білімді, ақылды адам еді. Көз алдымызда күннен-күнге әлсіреді. Біз соңына дейін жазылып кететініне сендік», – деп жазды Диана.
Ол арада тоғыз ай өтсе де, әкесінің суреттері мен видеоларын көруге, дауысын тыңдауға әлі де жүрегі дауаламайтынын айтты.
«Уақыт емдейді дейді. Меніңше, уақыт тек қайғының ауырлығын бәсеңдетеді. Әкемнің видеоларын әлі күнге дейін қарай алмаймын», – деді ол.
Диана әкесінің көзі тірі болғанда 54 жасқа толатынын айтып, отбасында көптен күткен сәби дүниеге келетінін де жеткізді.
«Қазір біз көптен күткен қызымызды күтіп жүрміз. Әкемнің немересін көргенін қатты қаладым. Бұл оның өмір сүруге, ауруымен күресуге деген құлшынысын арттырады деп үміттендім. Бірақ тағдыр басқаша шешті», – деп жазды актердің қызы.
Сөз соңында Диана қиын кезеңде қолдау көрсеткен жақындары мен оқырмандарына алғыс айтып, баршаны отбасы мен жақындарын қадірлеуге шақырды.