Әліппе латын қарпімен жазылады

Жаңалықтар
2089

Келер жылы мектеп бағдарламасына енгізілетін «Әліппе» оқулығы латын қарпімен жазылады. Бұрынғы Ахмет Байтұрсыновтың әдістемесімен дайындалып, заманауи үлгіде ұсынылады деген жоспар да бар. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов қазақ қоғамымен қайта қауышатын оқулықтың ерекшеліктерін атап өтті.

«Бар ғылымға бас болған, Әліппе - ғылым анасы». Бір ғасырда сан қазақтың білім азығына айналып, қаріп танытқан құнды оқулық 2016 жылы «Cауат ашу» болып өзгерді. Авторлары атау өзгергенмен, мазмұны бір десті. Бірақ білім саласындағы бұл реформа көптің көңілінен шыға қойған жоқ. 

4 жыл бойы қоғамның қызу талқысына түскен мәселе шешілген сыңайлы. Әліппе келер жылы қайта оқытылады. 2021 жылы 1-сыныпқа баратын оқушылар алғашқы екі тоқсанда «Әліппенің» бағдарламасын оқыса, қалған екі тоқсанда оны «Ана тілі» пәнімен жалғастырады. Сол сияқты, орыс тілінде немесе басқа тілдерде білім алатын сыныптарда «Букварь» мен «Обучение о грамоте» пәндері жүргізіледі. 

Бейсен Ахметұлы, журналист, этнограф: 

- «Cауат ашуда» көптеген қателіктер бар екенін көзімізбен көрдік. Сондықтан ең көп қателіктерді түзейміз. Екіншіден Ахмет Байтұырсынов бабаларымыз кезіндегі ұлтымыздың тіліміздің, дыбысымыздың табиғатына негізделіп жасалған. Біз сол әдістеме оралу арқылы тарихи мәдени құндылығымызды танитын боламыз. 

Қазір оқулықтарды әзірлеу жұмысы жүргізіліп жатыр. Бірыңғай бағдарлама жасаумен айналысатын жұмыс тобы бар. Оның құрамына мықты тіл мамандары, әдіскерлер, бастауыш сынып мұғалімдері мен бұған дейін оқытылған Әліппе оқулықтарының авторлары енген.

Асхат Аймағамбетов, ҚР Білім және ғылым министрі:

- Мемлекеттік стандартқа енгізілді, Әділет министрлігінде тіркелді. Енді қазіргі уақытта біз бағдарламаны дайындап, әзірлеуге дайынбыз. Бұл формальды жағынан емес, мазмұны жағынан тиімді болады. Балалалар келіп дайын текст оқымау керек. Балалар 1-сыныпқа әртүрлі деңгеймен келеді. Сондықтан осы әдістемемен балаларымыз оқуын бастайды деп отырмыз.

Бағдарламалар мен оқулықтар дайын болғаннан кейін оларды пилоттық мектептерде сынақтан өткізу жоспарланған. Осылайша келер жылы білім саласын тағы бір реформа күтіп тұр. «Әліппе» оралады, әліпби жаңарады. 

Раушан Сайлауқызы



Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...