Сайрагүлдің күйеуі Уәли Сыламның кеудемсоқ, халықаралық дәрежедегі Нобель сыйлығына лайық актер Сері...
АЛМАТЫ МЕН АСТАНА ХАЛҚЫ ДЕНИС ТЕНДІ АҚТЫҚ САПАРҒА ШЫҒАРЫП САЛДЫ
Алматыда қазақстандық танымал спортшы Денис Тенді ақтық сапарға шығарып салды. Қылмыскер пышағынан ажал құшқан өнерлі жігітпен қоштасуға Алматы мен Астанадағы қаралы жиындарға мыңдаған адам жиналды.
Денис Тенмен қоштасу рәсімі өтетін Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайына сенбі күні келген адамдардың қарасы көп болды. Жиналғандардың арасында Қазақстанның спорт, мәдениет және өнер қайраткерлері, марқұмның дос-жарандары, ресми тұлғалар, БАҚ өкілдері мен қарапайым адамдар бар.
Олар Алматының орталығында қылмыскер пышағынан 25 жасында қапыда қаза тапқан өнерлі жігіттің туған-туыстарына көңіл айтып, табыт алдына гүл қойып, марқұмға соңғы рет құрмет көрсетті.
Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында өткен қаралы жиынды Алматы қаласы қоғамдық кеңесінің төрағасы Рахман Алшанов жүргізді. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы қазақстандық танымал спортшы Денис Теннің мезгілсіз қазасына байланысты Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың жолдаған көңіл айту жеделхатын оқып берді.
Бұдан соң аза тұту жиынында сөйлеген Алматы қаласы әкімінің орынбасары Сұлтанбек Мәкежанов, Олимпиада чемпионы атанған қазақстандық спорт жұлдыздары Жақсылық Үшкемпіров пен Серік Сәпиев, Қазақстан Ұлттық конькишілер федерациясының жетекшісі Болат Жәмішевтер Денис Теннің Қазақстан спортына қосқан үлесі мен жарқын бейнесі халының жадында мәңгі қалатынын айтты.
Алматыдағы Денис Тенмен қоштасу рәсіміне Лос-Анджелестен арнайы белгілі қазақстандық кәсіпқой боксшы Геннадий Головкин де келді. Геннадий Головкин осы шара үшін Сауль Альвареспен болатын кездесуіне дайындықты тастап шыққан.
Астана қаласында азалы шара "Барыс-Арена" спорт кешенінде өтті. Оған қазақстандық танымал спортшылар, депутаттар мен шенеуніктер, қарапайым азаматтар жиналды.
Қоштасу рәсімі "Барыс Аренада" сағат онда басталды. Қаралы жиынға Астана әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев, ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев, бокшы Данияр Елеусінов, Корея мен Жапония елшілері қатысты.
Аманшаев Астана әкімдігі атынан Денис Теннің ата-аналарына, жақындары мен туғандарына көңіл айтты.
"Денис бауырымның Қазақстан спортында орны да жөні де бөлек. Жас болғанымен қарамастан, халықаралық турнирлердің алғашқы жалғыз жүлдегері болды. Өте талантты спортшы, әлемдік мәнерлеп сырғанаудың жұлдызы болатын. Оның орны әрдайым ойсырап тұрады. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын", — деді әкім орынбасары.
"Осындай қайғылы күнде сөз тауып айту қиын. Ең алдымен, ата-анасына, жақындарына қайғырып көңіл айтамын. Бұл трагедия бәрімізге сабақ…Кешір және қош бол, Денис", — деді министр Абаев.
«Ажал айтып келмейді деген қазақтың сөзі бар. Біз Денисті қорғай алмадық, сақтай алмадық. Қанішерлер ұсталғанымен, сүйікті ұлымыз Денис арамызға қайтып келмейді. Денис спорттық жетістіктерімен ғана емес, адами қасиеттерімен, өзінің кішіпейілділігімен, көпшілдігімен баршамыздың жүрегімізден орын алды. Жатқан жері жайлы болсын», - деп көңіл айтты қазақстандық спорт комментаторы Диас Ахметшәріп.
Қоштасу рәсіміне келгендер спортшының суреті бейнеленген баннер алдына гүл шоқтарын қойып, спортшыны бір минут үнсіздікпен еске алды.
Қыршын кеткен жас Алматыда 1993 жылы 13 маусымда дүниеге келді. Ол - Кореяда жапон отарлаушыларына қарсы соғысқан генерал Мин Гын Хоның ұрпағы. Денис Тен балалық шағында музыка, теннис, акробатика, каратэ, суда жүзумен айналысып, түптеп келгенде, мәнерлеп сырғанауды таңдады.
Денис Тен Қазақстанның мәнерлеп сырғанау спорты тарихында жаңа парақтар жазды. Лос-Анджелесте өткен 2009 жылғы әлем чемпионатында үздік ондықтың қатарына еніп, сегізінші орынға ие болды. Осылайша ол Ванкувер Олимпиадасына Қазақстанға қос бірдей жолдама алып берді. 2010 жылғы Олимпиадада ең жас қатысушы болғанына қарамастан, 11-інші орыннан көрінді. Бұл алдағы жарқын жеңістердің басы еді.
2011 жылдың ақпанында Қазақстанда өткен VІІ қысқы Азия ойындарында Денис Тен алтын жүлдені жеңіп алды. Екі жылдан кейін Канадада өткен әлем чемпионатында Д.Тен өзінің жеке рекорды - 266,48 балға қол жеткізді. Еркін бағдарламада үздік шыққан ол қорытындыда канадалық Патрик Чаннан небәрі 1,3 балға қалып қойып, күміс жүлдені еншіледі. Сөйтіп қазақстандық мәнерлеп сырғанаушылар арасында алғаш рет әлем чемпионатының жүлдегері атанды. Денистің спорттық жолындағы басты жетістігі, әрине, Сочи Олимпиадасындағы қола медаль еді.
Бұл сол додадағы Қазақстан қоржынындағы жалғыз жүлде болатын әрі тәуелсіз ел тарихында мәнерлеп сырғанаудан алынған бірінші медаль еді. «Құрмет» орденінің және мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері Денис Теннің бұдан басқа да табыстарға қол жеткізуіне жарақаттары мүмкіндік бермеді. 25 жыл ғұмырында өмірден озған спортшының болашағы алда еді. Қанша биікке көтерілсе де, өзінің кішіпейіл мінезінен, сүйкімді қалпынан танбай, халқының қошеметіне бөленген Денис Теннің жарқын бейнесі ел жадынан мәңгі өшпейтіні анық.
Айта кетсек, Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 19 шілде күні пышақ жарақатынан қаза болған еді. Оқиға Құрманғазы Байсейітова көшелерінің қиылысында 19 шілдеде түскі сағат 15:00 шамасында болған. Спортшы көлігінің айнасын ұрламақ болған екі адамның үстінен түскен. Арада басталған жанжалдың салдарынан ұрылар Денис Тенге пышақ сұғып алған. Ол оң жақ санының жоғарғы тұсына жарақат алды. 25 жастағы Тен үш литр қан жоғалтып, ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді. Бірақ Алматы қалалық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Серікбол Мусинов қосымша қан қажет еместігін және ресурстар жеткілікті екендігін мәлім еткен болатын.
2,5 сағатқа жалғасқан реанимациялық шараларға қарамастан, аурухана дәрігерлері оның өміріне араша түсе алмады. Сағат 17.30-да Олимпиада жүлдегері қайтыс болды.
Адам өлтіру бабымен қылмыстық іс қозғалды.