Нұр-Сұлтанда 26 желтоқсаннан бастап қаланың бас санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиеваның қаулысымен ки...
Алты жасында ұрланған бала 73 жылдан кейін туған ағасымен табысты
Фото: ЖИ/ MadeniPortal.kz
Алты жасында саябақтан жоғалған бала 73 жылдан кейін отбасымен қайта қауышты. Оны іздеп тапқан туысы ДНҚ тестін алғашында қызығушылық үшін тапсырған. Тест нәтижесінде бейтаныс ер адаммен туыстық байланысы бар екені анықталған, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
1951 жылғы 21 ақпанда алты жасар бала ағасымен саябақта ойнап жүрген. Сол кезде бейтаныс әйел оған кәмпит алып беретінін айтып, ертіп кеткен. Бала сол күні үйіне оралмаған. Анасы ұлының жоғалғаны туралы газет қиындысын әмиянында сақтап, суретін үйінің төріне іліп қойған. Ол 2005 жылы ұлының тағдырын білмей дүниеден өтті.
2020 жылы отбасының бір мүшесі ДНҚ тестін тапсырған. Нәтижеде ол танымайтын ер адаммен 22 пайыздық сәйкестік шыққан. Әйел оған хабарласқанымен, жауап алмаған. Төрт жылдан кейін отбасындағы жоғалған бала туралы қайта ойланған ол әлгі адамның суреттерін тауып, ескі газет мақалаларын қарап шыққан. Содан кейін қолындағы деректерді полицияға берген.
Тергеушілер ер адамды тауып, ДНҚ сараптамасы арқылы оның 1951 жылы жоғалған бала екенін растаған. Осы уақыт ішінде ол отбасын құрып, немере сүйген. Өрт сөндіруші болып жұмыс істеп, зейнетке шыққан.
2024 жылғы 25 маусымда ол бала күнінде саябақта бірге ойнаған ағасымен қайта кездесті. Туысының айтуынша, екеуі ұзақ құшақтасып тұрып, кейін отырып әңгімелескен. Шілдеде ол ағасына тағы барған. Бұл олардың соңғы кездесуі болды. Ағасы сол жылдың тамызында қайтыс болды.