Әнші Қанат Үмбетов әлеуметтік желідегі парақшасында отбасы құндылығы туралы әсерлі жазба жариялап, к...
«Анам да, әкем де, үйім де жоқ»: «Маскадағы адам» жігіттің өмірін өзгертті
Коллаж мәдениет порталы
Қазақстандық танымал қайырымдылық жасаушы, «Маскадағы адам» атанған меценат 29 жастағы Давидтің арманын орындап, өмірін түбегейлі өзгертті, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Давидтің екінші топтағы мүгедектігі бар. Ол церебралды сал ауруына шалдыққан, естімейді әрі сөйлей алмайды. Соған қарамастан, жігіт өз күнін өзі көріп, жаяу курьер болып жұмыс істейді. Алайда аяқтарының қатты ауыруына байланысты кейде тапсырыстарды уақытында жеткізе алмай, клиенттер алдында ыңғайсыз жағдайға тап болады.
Жігіттің жағдайын қиындата түсетін тағы бір жайт – оның тұл жетім екені. Давидтің ата-анасы да, баспанасы да жоқ. Кей кездері түнеп шығатын жер таппай, аялдамада қонуға мәжбүр болған.
«Мен тұл жетіммін. Анам да, әкем де, үйім де жоқ. Маған өте қиын. Ата-анамды қатты сағындым», – деп жан сырын ақтарған ол.
Қайырымдылық жасаушы жігіттен ең асыл арманын сұрағанда, Давид үш дөңгелекті велосипед алғысы келетінін айтқан. Оның сөзінше, бұл көлік қала ішінде жүріп-тұруын жеңілдетіп, курьерлік жұмысын атқаруға көмектесер еді.
Алайда «Маскадағы адам» Давидке велосипед сыйлаумен ғана шектелмеді. Меценат оған қажетті ем қабылдауға қомақты қаражат бөліп, ең бастысы, жайлы баспананың кілтін табыстады.
Осылайша, талай қиындықты бастан өткерген Давидтің көптен күткен арманы орындалып, өз үйіне қол жеткізді. Қайырымды азаматтың бұл әрекеті жігіттің өміріне жаңа үміт сыйлады.