Ішкі істер министрлігі өңірлердегі қылмыстық топтардың заңсыз әрекеттерінің жолын кесу бойынша кешен...
Ақтөбеде мейрамханадан 100-ден астам адам уланып, ауруханаға түсті
Фото: Pixabay
Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданындағы Қандыағаш қаласында орналасқан «Тұмар» мейрамханасына барған 100-ден астам адам жаппай улану белгілерімен дәрігерлер көмегіне жүгінді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, оқиғаға байланысты эпидемиологиялық тексеру басталып, ішек инфекциясының таралу себептері анықталып жатыр.
19 маусымнан бері Мұғалжар аудандық ауруханасы мен облыстық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына ішек инфекциясына тән белгілері бар 102 адам жеткізілген. Оның ішінде 34 науқастан сальмонеллезге күдік анықталған.
Аталған фактілер бойынша Ақтөбе облысының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне шұғыл хабарлама жолданып, зертханалық сараптама жүргізу үшін қажетті сынамалар алынған.
Дәрігерлердің мәліметінше, ауруханаға жатқызылғандардың жағдайы орташа ауыр деп бағалануда. Барлық науқасқа қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатыр.
Жағдайды бақылау және үйлестіру үшін арнайы жедел штаб құрылып, Мұғалжар ауданына қосымша медициналық бригадалар жіберілген. Сонымен қатар емдеу мекемелерінде қосымша төсек-орын дайындалып, дәрі-дәрмек қоры толық қамтамасыз етілген.
Әкімдік өкілдері әлеуметтік желілерде тараған науқастардың аурухана дәліздеріне орналастырылғаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
Қазіргі уақытта науқастармен байланыста болған азаматтарды анықтау және оларды медициналық бақылауға алу жұмыстары жүргізілуде. Мамандардың айтуынша, жағдай тұрақты бақылауда.