Ақтөбеде сотталған ер адам изолятордың шатырынан қашып кеткен

ЖИ

ЖАҢАЛЫҚТАР
76

Ақтөбе облысында уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен 33 жастағы ер адам қайта сотталды. Ол ғимараттың шатыры арқылы қашып шыққанымен, сол күні полицияның қолына түскен, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.

Белгілі болғандай, Қарғалы ауданының тұрғыны бұған дейін жүргізуші куәлігінен айырылғанына қарамастан, көлікті мас күйінде басқарған. Осы әрекеті үшін сот оны бас бостандығынан айыру жазасына кескен.

Алайда үкім шыққаннан бірнеше күн өткен соң ер адам Бадамша ауылындағы Қарғалы аудандық полиция бөлімінің уақытша ұстау изоляторынан қашып кеткен.

Сот үкімінде көрсетілгендей, оқиға кешкі серуен кезінде болған. Ер адам изолятордың ішкі ауласында жүргенде есіктегі аспалы құлыпты ашып, басқа серуендеу алаңына өткен.

Одан кейін қабырғадан шығып тұрған құрылыс материалын итеріп, темір арматураны сындырып, ғимараттың шатырына көтерілген. Тікенек сымнан асып өткен соң изолятор аумағынан қашып шыққан.

Дегенмен оның бостандықтағы уақыты ұзаққа созылмады.

Сотта ер адам қашып шыққаннан кейін Кемпірсай ауылын жаяу айналып өтіп, Ақтөбеге бағыт алған көлікке отырғанын айтқан. Алайда жолда оны полиция қызметкерлері ұстап алған.

Осы оқиғадан кейін ер адамға Қылмыстық кодекстің 426-бабы – бас бостандығынан айыру орындарынан қашу бойынша жаңа қылмыстық іс қозғалған.

Сот барысында айыпталушы кінәсін толық мойындаған.

Сот изолятордан қашқаны үшін оны 1 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды. Ал бұрынғы қылмысы үшін өтелмеген жазасын ескере отырып, түпкілікті 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Бұған қоса, енді ер адам жазасын бұрынғыдай жалпы режимдегі мекемеде емес, қауіпсіздігі барынша жоғары түзеу мекемесінде өтейтін болды.

Шоу-бизнес

Актриса әрі әнші Перизат Алпыс отбасында орын алған оқиғаларымен бөлісіп, тіпті баласынан бас тартпа...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астанада «Шапағат» базарының маңынан 47 жастағы әйелдің мәйіті табылды. Әлеуметтік жел...