Әскери авиация мен жол шектеулері: Астана тұрғындарына маңызды ескерту

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
142

Астанада 10–14 қазан аралығында халықаралық саяси іс-шаралардың өтуіне байланысты бірқатар көшеде көлік қозғалысына уақытша шектеу қойылады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі хабарлады, деп жазады MadeniPortal.kz.

Ведомствоның мәліметінше, елордада өтетін халықаралық деңгейдегі іс-шараларға дайындық және оларды өткізу кезеңінде қауіпсіздік шаралары күшейтіледі.

Осыған байланысты қаланың жекелеген көшелерінде автокөліктердің қозғалысы уақытша шектеледі. Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арнайы мемлекеттік органдар, құқық қорғау құрылымдары және Қазақстан Республикасының Қарулы күштері жұмылдырылады.

Сонымен қатар 9 қазаннан бастап Астана аспанында әскери авиацияның оқу-жаттығу ұшулары өткізіледі.

«Елорда тұрғындары мен қонақтарынан халықаралық деңгейдегі маңызды іс-шара кезінде жүргізілетін қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарауды сұраймыз», – делінген Мемлекеттік күзет қызметінің хабарламасында.

Әзірге нақты қай көшелерде және қай уақытта қозғалыс шектелетіні жарияланған жоқ. Сондықтан тұрғындарға қала ішінде жүретін бағыттарын алдын ала жоспарлау ұсынылады.