Astana Cup 2025: Елордада жасөспірім футболшылардың халықаралық бәсекесі басталды

дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
56

Елордада 2014 жылы туған жасөспірімдер арасында футболдан дәстүрлі 4-ші халықаралық Astana Cup турнирі өтіп жатыр, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Бұл жарыс өңірлік деңгейден асып, халықаралық ауқымға шыққан ірі спорттық оқиғаға айналды. Турнирді Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына орай ұйымдастырып отыр.  

Биыл турнирге қатысушылар қатары кеңейген. Бұл жолғы додада алты шет елдік танымал клубтың жасөспірімдер командасы бақ сынауда. Атап айтқанда, Тбилисидің «Динамо», Бакудің «Қарабах», Ташкенттің «Пахтакор», Душанбенің «Динамо», Бішкектің «Абдыш-Ата» және Мәскеудің аты аңызға айналған «Спартак» командасы жарысқа қатысып жатыр.

Сонымен қатар, Қазақстанның әр аймағындағы 10 спорт мектебінің үздік жас футболшылары да жасыл алаңда өз шеберліктерін көрсетуде. Бұл турнир — олардың халықаралық аренада шыңдалып, кәсіби тәжірибе жинауына үлкен мүмкіндік.

6 желтоқсан күні балалар арасындағы халықаралық турнирдің ашылу салтанаты өтті. Оған құрметті қонақ ретінде Қазақстандағы Әзербайжан Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Агалар Атамогланов, еліміздегі Қырғыз Республикасының Төтенше және өкілетті елшісі Құдайберген Базарбаев, Қазақстандағы Грузия Республикасының Консулі Темур Тартарашвили қатысып, сөз сөйледі. 

Олар Astana Cup тек спорттық жарыс қана емес, болашақ футбол жұлдыздары үшін маңызды даму алаңы екенін атап өтті. 

Сондай-ақ ұйымдастырушы тарап атынан сөз сөйлеген Астана қаласы әкімдігінің «№8 мамандандырылған балалар-жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебі» КММ басшысы Еркебұлан Жомартұлы мұндай турнирлер жасөспірімдерге түрлі елдерден келген замандастарымен бәсекелесе отырып, өз шеберлігін арттыруға және жаңа достар табуға жол ашатынын тілге тиек етті.

Осылайша аталған жарыс еліміздегі балалар мен жасөспірімдер футболын дамытуға қосылған салмақты үлес ретінде бағаланып отыр.

-Мен бес жылдан бері футболмен шұғылданып келемін. Бүгінгі турнирге қатысқаныма өте қуаныштымын. Алғашқы ойында қарсылас командаға есе жібердік. Алайда матч жоғары деңгейде өтті. Жарыста мықты командалар көп екен. Соған қарамастан ұтуға тырысамыз. Әлі алда екі ойын бар. Жеңсек топтан шығамыз. Сол үшін бәріміз барымызды саламыз, - деді 11 жастағы  "Жеңіс" футбол клубының қорғаушысы Ерасыл Талғатұлы.

Айта кетейік, балалар бәсекесі 8 желтоқсанға дейін жалғасады.

Шоу-бизнес

Белгілі актер Дәурен Айдарқұлов көпшілікке белгілі подкастқа қатысып, "көпәйелділік" тақырыбын өзіні...

АЙМАҚТАР

«Қазгидромет» Қазақстанның 16 облысы мен Астана, Шымкент қалаларына дауылды ескерту жари...