Ақтаудағы құлаған ұшақтың салонында түсірілген алғашқы кадрлар пайда б...
Астанада AULAFIT қатысушыларына арналған профилактикалық іс-шара өтті
Фото: gov.kz
Астанада «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында әлеуметтік спорттық AULAFIT жобасына қатысушы егде жастағы азаматтарға арналған профилактикалық іс-шара өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Таңғы жаттығу алдында Алматы ауданы Полиция басқармасы мен Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының қызметкерлері қатысушылармен кездесіп, қаржылық алаяқтықтың кең таралған түрлері, алаяқтардың әрекет ету тәсілдері және олардан қорғану жолдары туралы жан-жақты түсіндіру жұмысын жүргізді. Сонымен қатар азаматтардың құқықтарын қорғау, қоғамдық және жеке қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселелері жөнінде маңызды ақпарат берілді.
Сондай-ақ қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, алаяқтардың арбауына түспеудің тиімді жолдарын түсіндірді.
AULAFIT жобасының қатысушысы Бақыт Дүйсенбинованың айтуынша, мұндай кездесулер зейнеткерлер үшін аса маңызды.
«AULAFIT жобасына қатысып жүргеніме бір аптадан асты. Бұл – зейнеткерлер үшін өте пайдалы әрі керемет ұйымдастырылған жоба деп ойлаймын. Жас кезімізде спортпен тұрақты айналысып, волейбол командасының капитаны болдым. Қазір ауламызда тегін фитнес жаттығуларына қатысып жүргенімізге өте қуаныштымыз. Осындай мүмкіндік жасап отырған ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Өз басым қаржылық алаяқтардың арбауына түскен емеспін.
Балаларым үнемі ескертіп отырады, сондықтан бейтаныс нөмірлерден келген қоңырауларға жауап бермеуге тырысамын. Барша зейнеткерлерге айтарым – ешкімге банк картасының деректерін, SMS-кодтарды бермеңіздер. «Тегін ақша» немесе «оңай табыс» деген ұсыныстарға сенбеңіздер. Бүгін учаскелік полиция қызметкерлерінен көптеген пайдалы мәлімет алдық.
Осындай түсіндіру жұмысы жиі өткізілсе, әсіресе зейнеткерлер үшін өте пайдалы болады деп ойлаймын. Себебі қазіргі таңда қаржылық алаяқтық жиілеп кетті. Сондықтан әр адам сақ болып, өз қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауы қажет», – деді ол.
AULAFIT жобасының жетекшісі Айтжан Мусиннің айтуынша, мұндай профилактикалық кездесулер алдағы уақытта елорданың барлық ауданындағы аула алаңдарында тұрақты түрде өткізілетін болады.
«Бүгін «Заң және тәртіп» тұжырымдамасы аясында Алматы ауданындағы «Достар-3» тұрғын үй кешенінің ауласында егде жастағы азаматтарға қаржылық алаяқтықтың алдын алу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Мұндай кездесулердің басты мақсаты – тұрғындардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру. AULAFIT жобасы аясында күн сайын таңғы 08:00-09:00 аралығында аға буын өкілдеріне арналған жаттығулар өткізіледі.
Сонымен қатар 09:00-10:00 аралығында балаларға, 16:00-17:00 аралығында 6-10 жас аралығындағы балаларға, 17:00-18:00 аралығында 11-15 жас аралығындағы жасөспірімдерге және 18:00-19:00 аралығында жастарға арналған тегін фитнес жаттығулары ұйымдастырылады. Алдағы уақытта осындай профилактикалық түсіндіру жұмыстарын қаланың басқа аудандарындағы аула алаңдарында да өткізуді жоспарлап отырмыз», – деді ол.
Айта кетейік, AULAFIT жобасы алты жылдан бері елорда тұрғындары арасында салауатты өмір салтын насихаттап, бұқаралық спортты дамытуға үлес қосып келеді.
Биыл жоба маусымы маусым айында басталып, қыркүйек айына дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында кәсіби жаттықтырушылар Астананың алты ауданындағы 30 аула алаңында және бірқатар спорт нысандарында тұрғындарға тегін фитнес жаттығуларын өткізеді. Сабақтар аптасына алты күн ұйымдастырылып, барлық жас санатындағы тұрғындарға арналған.
Жаттығулардың кестесі мен өткізілетін орындар туралы толық ақпарат Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының @sport_basqarmasy_astana және @aulafit ресми әлеуметтік желідегі парақшаларында жарияланған.