Арқалық қаласында 50 пәтерлі «ақылды» үй салынуда. Оның тұрғындары - су тасқыны са...
Астанада LRT жанынан патрон тауып алған жігіттің басы дауға қалды
Ашық дереккөз
Астанада LRT жанынан патрон тауып алып, оны түсірілімге пайдаланбақшы болған 22 жастағы жігіттің басы дауға қалды, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Бас прокуратураның хабарлауынша, елордада шығармашылық саламен айналысатын тұрғын салынып жатқан жеңіл рельсті көлік жүйесі (LRT) ғимаратының жанынан бір патрон тауып алып, оны сөмкесіне салып қойған. Ол бұл затты түсірілімге арналған реквизит ретінде пайдаланбақшы болған, алайда кейін оны ұмытып кеткен.
"Бір жылдан кейін жігіт Алматыға ұшу үшін әуежайға келген. Тексеру кезінде патрон оның сөмкесінің қалтасынан табылған. Сот оны оқ-дәріні заңсыз иемденгені, сақтағаны және тасымалдағаны үшін 1 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кескен. Іс бойынша жас жігіттің патронды мақсаты түрде пайдалануы не оны басқа адамдарға беруі немесе өткізбекші болғаны анықталмаған. Одан қару табылмаған, ешқандай зиянды салдар туындамаған", – делінген хабарламада.
ҚК-нің 10-бабына сәйкес формалды түрде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері бар, бірақ маңызы жағынан болмашы, қоғамға қауіп төндірмейтін әрекет қылмыстық құқықбұзушылық болып танылмайды. Кассациялық сот әрекеттің қоғамға елеулі қауіп төндірмегендіктен, істі қылмыстық құқық бұзушылық құрамының болмауына байланысты тоқтатты.
Сот ешкімге зиян келмегенін, бір ғана патрон табылғанын және оны қылмыстық мақсатта пайдаланбақ болғаны дәлелденбегенін ескерді. Бас прокуратура кассациялық соттың ұстанымымен келісті.