Ата-аналар үшін қысқартылған жұмыс күні енгізілуі мүмкін

ашық дереккөзден алынған

ЖАҢАЛЫҚТАР
160

19 қарашада өткен Мәжілістің жалпы отырысында депутат Қаракат Әбден ата-аналар үшін қысқартылған жұмыс күнін енгізу ұсынысын көтерді, деп хабарлады МadeniPortal.kz .

Депутаттың айтуынша, жұмыс істейтін ата-аналарға қосымша сағат беру – бұл жеңілдік немесе артықшылық емес, отбасы институтын сақтау, ұрпақтың денсаулығын нығайту және баланың үйлесімді дамуын қамтамасыз ететін стратегиялық құрал.

«Ата-ананың баласымен бірге өткізетін қосымша сағаты – оның болашағына инвестиция, отбасының тұрақтылығы және қоғамның сенімділігі. Баланы уақытында балабақшадан алып келу, тәрбиесіне көңіл бөлу – бұл тұрмыстық қарапайым мәселе емес, мемлекеттік саясаттың маңызды элементі», – деді депутат.

Қаракат Әбден бұрын бұл мәселені Үкіметке жолдағанын, бірақ жүйелі шешім әлі қабылданбағанын атап өтті. Сонымен қатар, ол халықаралық тәжірибеден мысал келтіріп, көптеген елдерде ата-аналарға қысқартылған жұмыс күні немесе аптасы заңмен бекітілгенін, ғылыми негізделген тәжірибе ретінде қолданыста екенін жеткізді. Депутат заң жобасының екінші оқылуына дейін жұмыс уақытын қысқарту мәселесін қайта қарауды, норманы барлық кәсіпорындарда, соның ішінде мемлекеттік қызметте де орындауды қамтамасыз ету қажеттігін айтты.

Сол күні Мәжіліс депутаттары еңбекті қорғау және жұмысшылардың құқықтарын қамтамасыз ету мәселелері бойынша заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады.