Туыстары аяусыз өлтіріліп, күйеуі өмір бойына бас бостандығынан айырылғаннан кейін Ақбаян Мұқанғалиеваның тағдыры ұзақ уақыт бойы белгісіз болып келді. Tengrinews.kz тілшісі Ақбаянның Атыраудағы Психикалық денсаулық орталығында ем алғанын анықтады. Қазір ол ауруханадан шығып, балаларымен алғаш рет жүздескен, деп хабарлайды MadeniPortal.kz tengrinews-ке сілтеме жасап.
Атыраудағы оқиға: Ақбаян мен оның балаларының тағдыры белгілі болды
Фото: ашық дереккөзден
Дегенмен, Ғиниятова Мұқанғалиеваның емі әлі де жалғасуы мүмкін екенін атап өтті. Әйелдің туыстары ол Психикалық денсаулық орталығына тағы 10 күнге жатуды жоспарлап отырғанын айтқан.
"Ол балаларына алғаш рет өткен аптада келді. Ал жақында, бір-екі күн бұрын екінші рет келіп: "Мен ауруханаға тағы он күнге жатпақшымын" деді. Анасы туыстарымен бірге екі рет те кешкісін, жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін келді. Бірінші рет шамамен 19:30-да, екіншісінде 20:30 шамасында болды", – деді Ғиниятова.
Бұл уақытта мекемеде кезекші тәрбиешілер болған. Олар Мұқанғалиеваға балаларымен тілдесуге мүмкіндік берген.
"Оның келмегеніне көп болғандықтан, балаларымен жүздесуге рұқсат бердік. Бетін қайтара алмадық. Балаларын көрсін, олар да анасын күтіп жүр ғой", – деді орталық директоры.
Ақбаян балаларын алып кете ала ма?
Әзірге әйелдің 10, 8, 5 және 4 жастағы төрт баласы Бейімдеу орталығында қалып отыр. Ең кішісі, бір жарым жасар ұлы мамандандырылған балалар үйінде.
Құндыз Ғиниятованың айтуынша, емдеудің келесі кезеңінен кейін мамандар Мұқанғалиеваның жағдайын қайта бағалауы керек.
"Осыдан кейін оның жағдайына тағы бір рет баға беру қажет болады. Егер бәрі дұрыс болса, анасы балаларын алып кете алуы мүмкін", – деді ол.
"Балалардың эмоционалдық жағдайы тұрақты"
Бейімдеу орталығының мәліметінше, үш бала 2 ақпанда орналастырылған, тағы бір қызы 9 сәуірде балалар үйінен ауыстырылған. Кенже ұлы әзірге балалар үйінде қалып отыр.
"Қазіргі уақытта балалардың денсаулығы қанағаттанарлық, эмоционалдық жағдайы тұрақты", – деп хабарлады орталық.
Мектеп жасындағы балалар оқуын жалғастырып жатыр. 10 жасар қызы төртінші сыныпта, 8 жасар ұлы үшінші сыныпта оқиды. Мұғалімдер орталыққа келіп, кесте бойынша сабақ өткізеді.
"Тәрбиеленушілердің оқу үрдісінен қол үзіп қалмауы үшін және білім алу құқығын қамтамасыз ету мақсатында жүйелі түрде оқу-тәрбие жұмыстары ұйымдастырылған", – деді мекеме өкілдері.