Туыстары аяусыз өлтіріліп, күйеуі өмір бойына бас бостандығынан айырылғаннан кейін Ақбаян Мұқанғал...
«Қаншама елде болдым, бірақ...»: Джеки Чан Қазақстандағы түсірілімнен кейін ерекше мәлімдеме жасады
ашық дереккөз
Әлемге әйгілі актер Джеки Чан Қазақстанда түсірілген «Құдайдың сауыты: Ультиматум» («Доспехи Бога: Ультиматум») фильмінің түсірілім жұмыстарын аяқтады. Голливуд жұлдызы қазақстандық мамандардың кәсібилігін жоғары бағалап, елімізге алғысын білдірді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz 24KZ телеарнасына сілтеме жасап.
Әйгілі шытырман оқиғалы фильмдер сериясының төртінші бөлімі Алматы қаласында, Алматы және Маңғыстау облыстарында түсірілді. Негізгі түсірілім алаңдарының бірі ретінде Маңғыстаудағы Бозжыра шатқалы таңдалған. Енді фильмнің қалған бөлігін түсіру жұмыстары Қытайда жалғасады.
Джеки Чан Астанада өткен баспасөз мәслихатында Қазақстандағы түсірілімнің сәтті аяқталғанын айтып, жергілікті актерлер мен каскадерлердің жұмысына ерекше тоқталды.
«Қазақстандағы команда ең үздік деп айта аламын. Қаншама елде болдым, бірақ дәл осындай кәсібилікті бірінші көруім. Мен Қазақстанға келгеніме, осы елді таңдағаныма өте қуаныштымын. Барша Қазақстан халқына рақмет!» – деді актер.
Жобаға қатысқан қазақстандық актер Рүстем Омаров та әлемдік деңгейдегі мамандармен жұмыс істеу үлкен тәжірибе болғанын жеткізді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, отандық киноиндустрия да қарқынды дамып келеді. 2025 жылы елімізде 103 отандық фильм прокатқа шыққан. Қазақстандық картиналардың жалпы кассалық түсімі 30 миллиард теңгеге жеткен.
Соңғы алты жылда мемлекет қаржысына 150 фильм түсіріліп, олардың 95 пайызы кең прокатқа жолдама алған.
Айта кетейік, Джеки Чан басты рөлді сомдаған «Құдайдың сауыты: Ультиматум» фильмінің халықаралық премьерасы 2027 жылға жоспарланған. Жаңа туынды арқылы Қазақстанның табиғаты мен көрікті жерлері әлемдік көрерменге таныстырылмақ.