Астана қаласы «Қазанат» ипподромы аумағында орналасқан "Этноауыл" ұлттық-мәден...
“Аз отырды деген дұрыс емес”: Бостандыққа шыққан актер Мейірхан Шерниязов алғаш рет үн қатты
Фото: видеодан скриншот
Актер Мейірхан Шерниязов қаржы пирамидасына қатысты атышулы іс бойынша сотталып, жазасын өтеп шыққан соң алғаш рет пікір білдірді, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ.
Instagram парақшасында жарияланған жеке видеоүндеуінде Шерниязов сот процесі, колониядағы кезең және алдағы жоспарлары жайында айтты.
«Көп адам «Неге аз отырды?» деп сұрап жатыр. Отыру оңай емес. «Аз отырды» деген дұрыс емес. Бізді 2022 жылдың 19 сәуірінде ұстады, ал үкім 2024 жылдың 1 ақпанында күшіне енді. Қауіпсіздігі төмен колонияда 1 күн 2 күн болып есептеледі. Егер есептесек, мен жазамды өтеп шықтым. Шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға түспеймін. Сондықтан, шүкір», - деді ол.
Сондай-ақ, актер тергеу ісінің барлық мән-жайын бірден айтпайтынын, бірақ уақыт өте келе бөлісетінін жеткізді:
«Біздің іске қатысты да көп сұрақ бар. Айтарым да бар. Бірақ бәрін бірден айтпаймын, ақталды деп ойламасын. Бірте-бірте бөлісемін. Бұған дейін, өздеріңіз білесіздер, бұл жайында мүлде айтқан емеспін», — деді Шерниязов.
Актердің айтуынша, түрмеде өткізген уақыты текке кетпеген. Ол жаңа шығармашылық жобамен айналысқан.
«Алда жаңа кезең. Бұл үш жылда бос жатпадым. Жұмыс істегім келеді, көп түсіргім келеді. Бір жобаны дайындадым. «Братан» немесе «Братжан» деген атауы бар фильм түсіруді жоспарлап отырмын. Әзірге жұмыс атауы. Фильм түрме туралы емес, бірақ түрмеге де қатысты эпизодтар болады. Фильм негізінен бауырлар жайлы. Баршаңызға алғыс айтамын. Қайта оралғаныма қуаныштымын», — деді ол.