Астанадағы №1 көпбейінді балалар ауруханасының жас әрі білікті дәрігері, балалар анестезиологы және...
Непал мен Тибетте жоғалған екі қазақстандықтың тағдыры әлі белгісіз
Фото: әлеуметтік желі
Непал мен Қытайдың Тибет автономиялық ауданында болған табиғи апаттан кейін хабар-ошарсыз кеткен екі Қазақстан азаматы әлі табылған жоқ. Олардың қайда екені белгісіз, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі табиғи апат болған аймақтардағы отандастарымыздың жағдайын бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, бұған дейін үш қазақстандық туристпен байланыс үзілгені хабарланған. Кейін олардың біреуінің аман-есен екені анықталды. Белгілі болғандай, ол табиғи апат болған аумаққа мүлде бармаған және қазіргі уақытта Қазақстанда жүр.
Ал қалған екі азаматтың тағдыры әлі белгісіз. Оларды анықтау жұмыстары аясында туыстарынан ДНҚ сараптамасына қажетті биологиялық үлгілер алынған.
Министрлік Непал аумағындағы іздеу-құтқару операциясы 5 қазанда аяқталғанын хабарлады. Дегенмен Қытайдың Тибет автономиялық ауданында іздестіру шаралары әлі жалғасып жатыр. Жергілікті мамандар табылған мәйіттердің жеке басын анықтау үшін генетикалық сараптама жүргізуде.
Қазақстандық дипломаттар хабар-ошарсыз кеткен азаматтардың жақындарымен тұрақты байланыста. Оларға қажетті консулдық көмек көрсетіліп жатыр.
Әзірге екі қазақстандықтың жағдайына қатысты нақты ақпарат жоқ. Олардың тағдыры жүргізіліп жатқан іздестіру және сараптама жұмыстарының нәтижесінде белгілі болуы мүмкін.