Танымал композитор, пианист, халықаралық байқаулардың лауреаты Рахат-Би Әбдісағин жастармен кездесіп...
Бестеректегі трагедия: Төрт баланың өліміне себепкер болған ер адамға қатысты сот үкімі шықты
ашық дереккөздерден
Абай облысында Бестерек ауылындағы жол-көлік оқиғасы бойынша атышулы сот процесі аяқталды. Бұл апатта автокөлік дөңгелегінің астында алты бала қалған. Сот 55 жастағы жүргізушіні кінәлі деп таныды, деп хабарлады MadeniPortal.kz Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Сот айыпталушыны ҚР ҚК 345-бабының 4-бөлігі бойынша — «Жол жүрісі қағидаларын бұзу абайсызда екі немесе одан да көп адамның өліміне әкеп соғу» — кінәлі деп тапты.
Оған ең төмен қауіпсіздік деңгейіндегі колонияда 9 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды, сондай-ақ 7 жыл мерзімге көлік құралдарын басқару құқығынан айырылды.
«Айыпталушының кінәсі сотта толық көлемде дәлелденді. Жеңілдететін мән-жай ретінде сот оның кәмелетке толмаған баласының барын, сондай-ақ кінәсін толық мойындағанын ескерді. Ауырлататын мән-жай — қылмыстың жас балаларға қатысты жасалуы», – деп үкімнің мән-жайын судья түсіндірді. Сонымен қатар, сот айыпталушыны жәбірленушілерге моральдық және материалдық зиян үшін өтемақы төлеуге міндеттеді.
Апат салдарынан екі жасар ұлынан айырылған Ернар Буланбаев пен оның жұбайына сот әрқайсысына 10 миллион теңгеден моральдық өтемақы тағайындады.
ЖКО-да үш баласынан айырылған Таншолпан Каримова мен оның жұбайына сот әрқайсысына 15 миллион теңгеден моральдық өтемақы, сондай-ақ 336 мың теңге материалдық шығын және әрқайсысына 200 мың теңгеден өкілдік шығын ретінде төлем белгіледі.