Әлеуметтік желіде қонақтар тойда экраннан көз алмай, “Қайрат” – “Селтик&rdqu...
Бір сыныпта оқитын екі оқушы пышақтасып қалған: Семейде 13 жастағы оқушының жағдайы белгілі болды
ЖИ көмегімен жасалынған
Семейде бір сыныпта оқитын екі жасөспірім арасында пышақ қолданылған жанжал болып, олардың бірі ауыр жарақат алды. Дәрігерлер 13 жастағы баланың өмірін сақтап қалды, деп хабарлады MadeniPortal.kz.
Жергілікті БАҚ мәліметінше, оқиға 10 қыркүйекте сабақтан тыс уақытта болған. Жасөспірімдер №52 мектептің 9-сыныбында бірге оқиды. Олар бұған дейін дос болып, күреспен де бірге айналысқан.
Алдын ала мәлімет бойынша, сабақтан кейін екі оқушының арасында жанжал туындап, соңы пышақтасуға ұласқан. Ауыр жараланған жасөспірім әпкесінің үйіне дейін жетіп, көмек сұраған.
Туыстарының айтуынша, баланың денесіне шамамен 10-15 жерден пышақ жарақаты түскен.
Университет госпиталі директорының педиатрия жөніндегі орынбасары Дулат Каримов жарақаттардың бір бөлігі құрсақ қуысына өтіп, оң жақ бүйрек пен үлкен шарбыға зақым келгенін мәлімдеді. Сондай-ақ қан кету салдарынан бірінші дәрежелі геморрагиялық шок тіркелген.
Дәрігерлер жасөспірімге шұғыл түрде төрт сағатқа созылған операция жасаған. Қазіргі уақытта оның жағдайы тұрақты, бала балалар хирургиясы бөліміне ауыстырылған.
Екінші жасөспірім де ауруханаға жеткізілген. Оның жеңіл кесілген жаралары өңделіп, кейін үйіне жіберілген.
Мектеп өкілдері екі оқушының да бұған дейін тәртіпті болғанын және олардың дос болғанын айтады. Білім беру ұйымында жанжалға түсініспеушілік себеп болуы мүмкін деген болжам айтылған.
Абай облысының білім басқармасы оқиғаның мектептен тыс жерде және сабақтан кейін болғанын хабарлады. Қазір білім беру процесіне қатысушылармен профилактикалық жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Полиция аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Тергеу қорытындысымен кәмелетке толмағандарды профилактикалық есепке қою және олардың заңды өкілдерін бала тәрбиесіне қатысты міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілікке тарту мәселесі қаралады.