«Бірі ұстап, екіншісі басынан тепкілеген»: Алматыда 9 жастағы баланың анасы жанайқайын жеткізді

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
246

Алматының Алатау ауданында 9 жастағы баланың соққыға жығылуына қатысты қылмыстық іс қозғалды. Баланың анасы ұлын қорғауға тырысқаннан кейін өзі полицияға шақырылғанын айтып, тәртіп сақшыларының әрекетіне шағымданды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. 

Алматылық әйел Threads әлеуметтік желісінде оқиғаның 10 қарашада балалар ойын алаңында болғанын жазған.

Оның айтуынша, екі бала 9 жастағы ұлына шабуыл жасаған. Біреуі баланы ұстап тұрса, екіншісі басынан тепкілеген. Бала үйіне ерні қанап келген. Анасы сыртқа шыққанда, ұлын әлі де ұрып жатқанын көргенін айтады.

Алайда әйелдің сөзінше, баласын қорғауға тырысқаннан кейін жағдай күтпеген жерден өрбіген.

«Сол сәтте мен тек баламды қалай қорғап қалуды ойладым. Бірақ ең қорқыныштысы содан кейін басталды. Жасөспірімдердің ата-аналары полицияға арыз жазып, менің баламды қорғаған сәтім ғана түсірілген видеоны ұсынған. Ал баламды ұрып жатқан сәт бейнежазбаға түспеген», – дейді әйел.

Оның айтуынша, 11 қарашада балаларымен бірге Алатау аудандық полиция басқармасында шамамен алты сағат отырған.

Әйел полиция қызметкерлері тарапынан дөрекілікке, психологиялық қысым мен қорқытуға тап болғанын мәлімдеді. Сондай-ақ ұлынан бөгде адамдардың көзінше бірнеше рет жауап алынғанын және өз ұстанымын толық түсіндіруге мүмкіндік берілмегенін алға тартты.

Бұдан бөлек, әйел үйінде өздігінен жүріп-тұра алмайтын, бірінші топтағы мүгедектігі бар, онкологиялық ауруға шалдыққан анасы жалғыз қалғанын айтқан. Алайда үйіне қайту туралы өтініші қанағаттандырылмағанын жеткізді.

Алматы полициясы қылмыстық іс қозғалғанын растады.

Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, кәмелетке толмаған балаға күш қолдану дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалған.

«Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Оның нәтижесі бойынша Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылданады», – деп хабарлады полиция.

Баланың анасы қарсы арыз түсіргенін және жоғары тұрған органдарға жүгінуге ниетті екенін мәлімдеді. Ол ұлына жасалған шабуылдың ғана емес, полиция қызметкерлерінің әрекетінің де объективті тексерілуін талап етіп отыр.

Айта кетейік, әйелдің полиция тарапынан қысым көрсетілгені туралы мәлімдемесі әзірге ресми түрде расталған жоқ. Оқиғаның нақты мән-жайы тергеу барысында анықталады.

Шоу-бизнес

Қазақстандық актер Аян Өтепберген Испанияда өткен халықаралық кинофестивальде “Үздік актер&rdq...

СПОРТ

Алматыда 955 мың тұрғын спортпен тұрақты айналысады. Қаладағы тегін жобалар, марафондар мен өзге де...