Бүгін, 23 қазанда Самара — Шымкент тас жолында DAF жүк көлігі мен «Газель»автокөлі...
Блогерлер Шымкенттегі қайғылы оқиғаға күдіктінің туысы екенін айтып жұрт алдына шықты
Фото: видеодан скриншот
Шымкентте қаза тапқан Нұрай Серікбайдың өліміне қатысты іс бойынша күдіктінің танымал блогер Камила Әділхан мен оның жұбайы Мағжан Аймаханның туысы екені анықталды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Олар алдымен марқұмның ата-анасы мен жақындарына көңіл айтып, бұл қасіреттің екі тарапқа да ауыр соққы екенін айтқан.
"Ең алдымен Нұрайдың ата-анасы мен туған-туыстарына шын жүректен көңіл айтамыз. Алла тағала жүректеріңізге сабыр берсін. Бұл – кез келген ата-ана үшін орны толмас қайғы", – делінген жазбада.
Олар күдікті Шерхан Аймаханпен туыстық қатынастарының бар екенін, оның блогер Камиланың жұбайының әкесінің інісінің баласы екенін ашық айтқан.
"Иә, Шерхан – біздің туысымыз. Бірақ ешбір ата-ана баласының қатыгез, зұлым болғанын қаламайды. Бұл жағдай бізге де өте ауыр тиді. Қандай жаза болса да, ол Нұрайды қайтарып әкелмейді. Бұл екі жақтың да ата-анасы үшін аса ауыр сынақ", – деп жазды олар.
Камила Әділхан мен Мағжан Аймахан сот процесінің әділ өтуін қалайтындарын, туысы блогер болса жазадан құтылып кетеді деген пікірдің қате екенін айтып өткен.
"Соттың әділ болғанын қалаймыз. Қанша жылға сотталса да, қанша көңіл айтсақ та, Нұрайдың орны толмайды. Сол үшін дұға етуден басқа амалымыз жоқ", – делінген пікірде.
Олар блогерлермен туыс болса істің әділ шешілуіне әсер етеді деген қауесеттерге нақтырақ былай жауап берген.
"Блогермен туыс болса, бәрі шешіліп кетеді деген әңгімелер тарады. Бұл – шындыққа жанаспайды. Керісінше, қоғам алдында жүрген адам ретінде, қанша жақын туысымыз болса да, бұл іске әділ баға беріліп, заң аясында шешім шыққанын қалаймыз. Бұл – өте ауыр әрі зұлымдықпен жасалған қылмыс", – деп атап өтті олар.