«Халқым, ұлдарыңызды сөкпеңіздер!»: Бақытжан Базарбек қуанышты хабарын айтты

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
301

Мәжілістің бұрынғы депутаты Бақытжан Базарбек «Халық сүйіктісі» ұлттық премиясының «2026 жылдың ең үздік Парламент депутаты» номинациясы бойынша жеңімпаз атанғанын мәлімдеді. Ол бұл марапатты халықтың өзіне білдірген сенімі мен еңбегіне берген бағасы деп қабылдайтынын айтты, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. 

Бақытжан Базарбек әлеуметтік желідегі парақшасында марапаттың өзі үшін ерекше маңызға ие екенін жазды. Оның сөзінше, халықтың қолдауы мен құрметі – атқарған жұмысының басты нәтижелерінің бірі.

«Халықтың мүддесін бірінші орынға қоятын мен үшін бұл марапаттың орны ерекше. Өйткені бұл – халықтың маған берген бағасы, еңбегіме көрсеткен құрметі», – деді ол.

Экс-депутат мұндай марапатқа алғаш рет ие болып отырмағанын да атап өтті. Айтуынша, 2023 жылы Жұлдыз Сүлейменовамен бірге «Жылдың үздік Парламент депутаты» атанған. Ал 2024 және 2025 жылдары аталған байқаудың финалына дейін жеткен.

Базарбек депутаттық қызметтегі басты жетістік марапатпен емес, халықтың өміріне оң өзгеріс әкелген нақты істермен өлшенуі керек деп есептейді. Ол сыбайлас жемқорлықты азайту, заң үстемдігін қамтамасыз ету және әділетті қоғам қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың маңызын атап өтті.

«Біз үшін марапаттың өзі маңызды емес. Ең бастысы – Парламентте атқарған еңбегіміз, халық үшін жасаған игі істеріміз елдің тұрмыс-тіршілігін жақсартуға, сыбайлас жемқорлықты азайтуға, әділетті қоғам қалыптастыруға қаншалықты ықпал етті? Маңыздысы – осы!» – деп жазды Базарбек.

Сонымен қатар бұрынғы депутат 2026 жылы атқарған жұмыстары туралы алдағы уақытта жеке-жеке есеп беруге уәде етті. Ол саяси қызметі барысында түрлі қиындықтарға тап болғанын меңзеп, халық мүддесін қорғауға тырысқанын жеткізді.

«Биліктің сүйіктісі болмасам да, халқымның сүйіктісі болуға тырыстым. Сол сара жолда талай сыннан өтсем де, халқымның мүддесі әрдайым жүрегімнен орын алды», – деді ол.

Базарбек елдегі заңдылық пен әділеттілікті нығайту жолында жоспарлаған жұмыстарының барлығын аяқтап үлгермегенін де жасырмады.

«Өкінішке қарай, елімізде заңдылық пен әділеттілікті қалыптастыру жолында атқаруды жоспарлаған жұмыстарымның барлығын аяқтап үлгермедім. Ол үшін, халқым, ұлдарыңызды сөкпеңіздер!» – деп жазды экс-депутат.

Ол алдағы уақытта да қоғамдық-саяси қызметтен шет қалмайтынын аңғартты. Атап айтқанда, Құрылтайдың жаңа депутаттарымен бірге заңнаманы жетілдіруге және ел мүддесіне бағытталған бастамаларды жалғастыруға атсалысуға ниетті екенін білдірді.

«Бәрі алда!» – деп түйіндеді Бақытжан Базарбек.

Шоу-бизнес

Танымал әнші Жазира Байырбекованың сіңлісі, бес баланың анасы Нәзира Байырбекова күйеуімен ресми түр...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ұлттық ұланның "Бүркіт" арнайы жасағы тарихында алғаш рет қыз жауынгер қызметке кірісті. "Китан...