Қазнетте қоршауда тұрған полицей қызметкеріне бақбақ гүлін сыйлаған бүлдіршіннің суреті таралып, жел...
Димаш Мәскеудегі концерті қарсаңында эксклюзивті жоспарларымен бөлісті
«Мен әр концертімде көрермен алдында емтихан тапсырғандай боламын. Онда жанкүйерлерімді алдауға немесе шпорға қарауға болмайды» деп әзілдеді Димаш Құдайберген Мәскеу қаласында өткен баспасөз мәслихатында. Оған әншінің әкесі Қанат Айтбаев пен ресейлік танымал композитор Игорь Крутой қатысты, деп хабарлайды "Мәдениет порталы" әншінің dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.
9 наурыз күні Ресей астанасында өтетін Димаштың концертіне арналған журналистермен бейресми басқосуды Игорь Крутой ашты. Ол қазақстандық әншінің кеші сәтті ұйымдастырылатынына күмән келтірмейтінін айтып, бұдан бұрынғы концерттерді еске түсірді. Сонымен қатар жас досына шығармашылық табыс тіледі.
Мәскеуде өтетін концерттің мән-жайы туралы Димаштың өзі айтып берді: «Бағдарламаны «Арнау» деп атадық. Біз басқа елдерде, соның ішінде АҚШ-та бірнеше концерт қойдық, қазір Мәскеуде әсерлі кеш өткізуге дайындық үстіндеміз», деді ол.
Қазақстандық әнші өз концерттерінің әрқайсысы бір «емтихан» екенін айтып әзілдеді. Онда көрерменді алдауға немесе шпор пайдалануға болмайды.
Димаш Игорь Крутойға ризашылығын да жеткізіп, бала кезінен бастап ресейлік композитормен жұмыс істеуді армандағанын әңгімеледі.
Ресейлік композитор «Димаш құбылысы» деген ұғымның мән-маңызына тоқталды. «Димаштың ерекше дауысы, қайталанбас ырғағы бар. Оның музыканы өзі арқылы өткізуі өте маңызды. Өйткені, ол керемет дарынға ие.
Ал мен оның сауатты жанкүйерімін! Себебі, қанша тырыссам да, оған ұқсай алмайтыныма анық көзім жетеді. Оның таланты биік», деді И.Крутой.
Димаштың әкесі Қанат Айтбаев алда өтетін Димаштың концертінде көрермен көптеген жаңалықтар мен өзгерістерге куә болатынына уәде берді.
Баспасөз конференциясында Димаш өзінің «Евровидение» байқауына Ресей Федерациясының атынан қатысатыны туралы қауесетті жоққа шығарды: «Мен бұл жарысты жоғары дәрежелі деп санаймын, құрметтеймін. Бірақ мен оған қатысуымның қажеті жоқ деп ойладым. Егер осы елде туған болсам, Ресейдің атынан шығар едім. Мен – Қазақстанның азаматымын және өз Отанымның патриотымын, сондықтан бұл туралы әңгіменің мүлде негізі жоқ», – деген Димаш болашақтағы жоспарларымен де бөлісті.
«Дәл қазіргі таңда концерт қойып, бейнетаспалар түсіруді қолға алып жүрмін. Барлық турлардан кейін, әрине, достарыммен демалғым келеді (күледі). Жұмыс кестесі мен концерттер әзірге босаңсуды қажет етпейді. Алайда, мен бұған қиналмаймын, өйткені музыкасыз, шығармашылықсыз, қауырт жұмыссыз ұзақ өмір сүре алмайтынымды түсінемін», деді әнші.
Димаш кішкентай арманы туралы – қазақ тілінде жаһандық хит шығару жайында тілге тиек етті. Мәселен, K-pop музыкасы арқылы бүкіл әлем корей тілінде ән шырқады. Қазақстандық әнші де жаңа әндерінің бірі дәл осындай нәтиже көрсетеді деген үмітте. Себебі, «музыкада шекара мен ұлт жоқ».
Димаштың бұл бағыттағы ойын әкесі жалғастырды. «Хит туынды тіл таңдамайды. Оның әндерін қазақ тілінде әртүрлі елдердің тұрғындары қалай шырқайтыны мені шынымен таңғалдырған болатын. Мысалы, Америкада өткен концертте 54 мемлекеттен келген жанкүйерлер болды, 44 штаттан келген көпшілік стадионда Димашпен бірге ән шырқады. Орыс, қазақ және басқа тілдерде. Бұл өте күшті! Көрермен өз әншісінің шығармаларын жақсы көретін болса, оған тіл де, ұлт та кедергі бола алмайды», деді Қанат Айтбаев.
Димаш Қытайдағы жанкүйерлерінің жағдайына да ерекше назар аударды, дәрігерлер өлімге әкелетін коронавирусты емдеудің жолын тезірек табады деген сенімін білдірді.
Басқосу соңында Димаш эксклюзивті жоспарларымен бөлісті. Мәселен, ол өзінің (аты-жөнін айтпады) рэпер досымен жаңа ән дайындауда. Сондай-ақ, қазақстандық талант тағы бір жаңа композицияны Мәскеудегі концертте көпшілік назарына ұсынбақ. Алайда, бұл туралы да толығырақ тоқталған жоқ.
Не де болса, Димаш пен оның командасынан жаңа да жағымды туындылар күтеміз.