Әлеуметтік желіде Алматыда адамдар мас күйде арнайы жасақ қызметкерлеріне шабуыл жасағаны туралы ақп...
Dior брендімен подиумға шыққан қазақ жігіті ерекше көзге түсті
Фото: playchess.kz
17 жастағы модель биылғы Париждегі ерлер сән апталығына қатысып, аты аңызға айналған Dior бренді атынан алғаш рет подиумға шықты. Бұл жаңалықты Астана қаласындағы Орталық шахмат клубы өздерінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ el.kz-ке сілтеме жасап.
Сейдолла Төрежан — тек сән әлеміндегі жетістіктерімен ғана емес, шахматтағы табандылығымен де танылған жас талант. Ол — аталған клубтың белсенді шахматшысы. Қаңтар айында үшінші разрядты, ал ақпанда екінші разрядты орындап, интеллектуалдық спорттағы әлеуетін де дәлелдеген. Клуб өкілдерінің айтуынша, модельдік мансабына қарамастан, Сейдолла шахматты ұмытпаған және бос уақыты бола қалса, тақта басына қайта отыруды жоспарлап отыр.

Сән саласындағы тағы бір елеулі жаңалық — Сейдолламен әлемдегі ең ірі модельдік агенттіктердің бірі IMG Models ресми келісімшартқа қол қойды.

Бұл агенттік Gisele Bündchen, Bella Hadid, Kate Moss сынды танымал тұлғалармен жұмыс істейді. Жас модельдің мұндай биік деңгейдегі серіктестікке қол жеткізуі — оның келешекте халықаралық аренада да сұранысқа ие болатынын көрсетеді.
Біздің оқушымыздың Dior бренді атынан подиумға шығуы — үлкен жетістік. Сонымен қатар, IMG Models агенттігімен жасалған келісім — бұл Қазақстанның модельдік индустриясындағы айтулы оқиға. Сейдолланы және оның ата-анасын шын жүректен құттықтаймыз! Модельдік мансабында биік белестер мен шахматта жарқын жеңістер тілейміз! — делінген шахмат клубының ресми хабарламасында.