Еңбек министрлігі Алматыдағы нәрестесін құшағына алған қыз-курьерге қатысты пікір білдірді

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
139

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Виктория Шегай Алматыда емізулі сәбиін құшағына алып жүріп курьер болып жұмыс істейтін қыздың оқиғасына қатысты пікір білдірді, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Соңғы бірнеше күнде Threads желісінде курьерлік жеткізу қызметінде жұмыс істеп, тапсырыстарды жаяу тасып жүрген әрі қолында емізулі баласы бар қыздың суреті кеңінен тарады. Қазақстандықтар оның батылдығы мен қайсарлығына тәнті болып, көмектескісі келетіндерін білдірді. Осыған байланысты әлеуметтік желі қолданушылары қыздың фотосын жариялап, ол туралы қандай да бір ақпарат білетін адамдардан хабарласуды сұрады.

Алайда бұл жағдайды алаяқтар да өз мақсаттарына пайдаланып үлгерген. Кейбір қазақстандықтардың айтуынша, оларға әлгі қыздың байланыс деректері мен суреттерін жіберген адамдар хабарласқан. Бірақ кейін бұл суреттердің жасанды интеллект көмегімен жасалғаны немесе басқа дереккөзге сілтеме беретіні анықталған.

Көп ұзамай желі қолданушыларының бірі қызды тауып алғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, ол қызды көшеде кездестіріп, тіпті қаржылай көмек те көрсеткен. Ер адамның сөзінше, қыз тұрмыста және бала күтіміне байланысты демалыста жүр, бірақ соған қарамастан жұмыс істеуге мәжбүр. Дегенмен ол қыздың байланыс мәліметтерін ешкімге жарияламаған.