«Күдіктіге қатысты сұмдық ақпарат көп»: Апалы-сіңлілі қыздардың өлімі туралы тың ақпарат айтылды

коллаж: MadeniPortal.kz

ЖАҢАЛЫҚТАР
142

Журналист Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында Біріккен Араб Әмірліктерінің Шарджа қаласында қаза болған қазақстандық апалы-сіңлілі қыздардың өліміне қатысты жазба жариялады. Оның сөзінше, небәрі 20 және 22 жастағы бойжеткендер шетелге жұмыс істеп, нәпақа табу мақсатында барған, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Журналист марқұмдардың сыныптас құрбылары қыздардың тәрбиелі отбасынан шыққанын, еңбекқор, сыпайы әрі өз күндерін өздері көріп жүргенін айтқанын жеткізді.

«Жастары небәрі 20 мен 22-де, артында аңырап ата-анасы қалды… Қандай қиын… Жат жерде ажалы келді… Маңдайынан өбіп, иіскеп те үлгермеді», – деп жазды Гүлмира Әбіқай.

Журналист күдіктіге қатысты әлеуметтік желіде түрлі ақпарат тарап жатқанын да атап өтті. Алайда ол бұл мәліметтердің ресми түрде расталмағанын меңзеп, түпкілікті қорытынды жасауға асықпау керектігін жеткізді.

Сонымен қатар Гүлмира Әбіқай болған жағдайға байланысты қоғамдағы зорлық-зомбылық мәселесін көтеріп, дінді қылмысқа қалқан етуге болмайтынын айтты.

«Күдіктіге қатысты сұмдық ақпарат көп… Егер оның бәрі расталса, тіптен қорқынышты… Дінді жамылып әлі қанша қылмыскер жүр?» – деп жазды журналист.

Айта кетейік, әлеуметтік желіде тараған күдіктіге қатысты мәліметтер тергеу қорытындысы шыққанға дейін ресми дәлелденген дерек ретінде қарастырылмайды.