Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Жолдауында «Еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз...
Майра Мұхамедқызы Астананы әнге қосады
8 қыркүйекте «Астана Опера» театрының Үлкен залында «Астана – асыл арманым» концерті өтеді.
Кеште әйгілі опера әншісі, театрдың жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Майра Мұхамедқызы өнер көрсетеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.
Музыкалық шара аясында сахнаға: «Астана Опера» жетекші солисі, Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян (бас), шақырылған тенорлар Мұрат Қарахан (Түркия) және Родриго Поррас Гаруло (Германия) шығады. Концертке «Астана Операның» симфониялық оркестрі мен хоры да қатысады, деп күтілуде. Дирижерлік тұғырда – әйгілі маэстро Франческо Иван Чампа (Италия) мен бас хормейстер – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.
Елорда тұрғындары мен қонақтары халықтың сүйікті әндерін, отандық және шетелдік опера классикасының жауһарларын орындайтын болады. Бағдарлама барысында Дж.Вердидің, Дж.Пуччинидің, Ж.Массненің, Х.Хименестің, Ф.Барбьеридің, И.Кальманның, Ф.Легардың, Д.Шостаковичтің, И.Дунаевскийдің, Н.Жигановтың туындыларынан ариялар, дуэттер, трио және опералар мен оперетталардан сахналық көріністер шырқалады.
Майра Мұхамедқызы – Париж ұлттық операсы, Лотарингия ұлттық операсы (Нанси қ.), Кан театры, Ренна опера театры, Бордо театры, Вашингтон ұлттық операсы және т.б. әлемнің ең үздік театрларындағы опера классикасының жауһар туындыларындағы басты партияларды орындаушы. Ол лондондық Кадоган-холлда, берлиндік Концертхаусте, Венадағы Хофбург сарайында, Париждегі ЮНЕСКО залында, пекиндік «Жон Шань Ли Тан» залында және т.б. Еуропа мен Азияның, Американың беделді залдарында жеке концерттерімен үнемі өнер көрсетеді. Сахнадағы серіктестерінің қатарында Мирелла Френи, Роберто Аланья, Марсело Альварес, Сергей Лейферкус, Кристина Гайардо-Домес, Стивен Костелло, Бюлент Бэздуз сияқты көптеген опера жұлдыздары бар.
Кеш сағат 18:00-де басталады.