Малшыны соққыға жыққан ба: Ақтөбеде белгілі ғалым дауға қалды

Фото: aqbas.kz.

ЖАҢАЛЫҚТАР
765

Ақтөбе облысында малға байланысты туындаған жанжалдан кейін өңірге белгілі ғалым әрі шаруа қожалығының басшысы малшыны ұрып-соқты деген күдікке ілінді, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Бұл туралы hronika.kz жазды. Жәбірленуші күдіктінің ықпалды адам екенін айтып, оның жазадан құтылып кетуінен қауіптенетінін мәлімдеді.

Оқиға шілде айында Алға ауданында болған. Малшы Арыстанбек Бахилин жайылымда бірнеше бұзауын жоғалтып алып, кейін олардың «Өтеғұл-1» шаруа қожалығының табынына қосылып кеткенін анықтаған.

Малын алып кетуге келген кезде қожалық басшысы Өтеген Жақыпов бұзауларды қайтарудан бас тартқан. Іс материалдарына сәйкес, осыдан кейін екі ер адамның арасындағы сөзге келу төбелеске ұласқан.

Полиция Жақыповқа қатысты Қылмыстық кодекстің 109-бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Ал малшы өзін қожалық басшысымен бірге тағы екі адамның ұрғанын айтады. Алайда әзірге олар күдіктілер қатарына енгізілмеген.

«Жақыпов – ақшасы мен ықпалы бар адам. Ауданда беделі жоғары. Оның жазадан құтылып кетуі мүмкін деп алаңдаймын. Тіпті соңында мені кінәлі етіп шығаруы мүмкін», – дейді Арыстанбек Бахилин.

Ашық дереккөздердегі мәлімет бойынша, Өтеген Жақыпов Ақтөбе облысында ғалым ретінде де танымал. Ол – филология ғылымдарының кандидаты, доцент, қазақ әдебиеті саласының зерттеушісі. Ақын Қуандық Шаңғытбаевтың шығармашылығын зерттеп, осы тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған.

Сондай-ақ ол өңірдің рухани-мәдени өміріне қосқан үлесі үшін мемлекеттік марапатқа ие болған. Ауыл шаруашылығын дамытуға қосқан үлесі үшін Ауыл шаруашылығы министрлігінің төсбелгісімен де марапатталған.

Қазір Өтеген Жақыпов Алға ауданындағы «Өтеғұл-1» шаруа қожалығын басқарады.

Журналистер Жақыповтың өзінен пікір алуға тырысқан. Алайда ол телефон қоңырауына жауап бергеннен кейін әңгімені бірден тоқтатқан. WhatsApp арқылы жіберілген хабарламаларды оқығанымен, жауап бермеген.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қайғылы жағдайда қаза тапқан 14 әскери қызметшінің отбасына жиналған қаржылай көмек табысталды. Қара...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ақтөбеде терроризмді насихаттады деп айыпталған ер адам 7 жыл 6 айға бас бостандығынан айрылды, деп...