Мемлекет басшысы Алматы қаласының әкімін қабылдады

Фото интернеттен

Жаңалықтар
564

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдады, деп хабарлайды madeniportal.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Қабылдау барысында Ерболат Досаев Алматының биылғы қаңтар-сәуір айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуының алдын ала қорытындысы жөнінде есеп берді.

Әкімнің мәліметінше, осы кезеңде Алматы экономикасының негізгі салаларындағы өсім қарқыны жоғары болған. Атап айтқанда, көлік қызметінің көлемі 17,5 пайызға, құрылыс 5,7 пайызға және байланыс бағыты 4,4 пайызға өскен. Мегаполис экономикасына 360 миллиард теңге жеке инвестиция тартылған. Өсім 5,8 пайызды құраған.

Сонымен қатар, Е. Досаев биыл сәуір айында Алматыдағы жылдық инфляция 9,1 пайызға дейін бәсеңдегені жайында мәлімет берді. Жыл басынан бері 19,5 мың жұмыс орны ашылған. Бұл жұмыссыздық деңгейін 4,7 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік берген.

Биыл ақпан айында қаланың жоғарғы бөлігін сумен қамту жөніндегі резерв схемасын жасау жұмыстары басталды. Құрылысты осы жылдың 1 шілдесіне дейін аяқтау жоспарланып отыр. Ал «Балқаш» таза су резервуары пайдалануға беріліп, «Юбилейный», «Каменское плато» және басқа да аудандарға су жеткізіле бастады, - деп атап өтті Ерболат Досаев.

Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы экономикасын әртараптандыру үшін инвестиция тарту, баға тұрақтылығын қамтамасыз ету және инфляция мөлшерін одан әрі төмендету жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ қаланы сумен қамту мәселесін айрықша бақылауда ұстау қажет екенін айтты.

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...