Қазақстандықтар Абай Алғазы есімді автордың өзінің жеке тәжірибесін және табысқа жету жолындағы кеңе...
Омбыда қазақтардың тарихы мен мәдениетіне арналған музей ашылады
ашық дереккөзден алынған
2025 жылғы 9 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы мен ғылыми қызметкер Әмір Досанов іссапармен Омбы қаласына барды. Сапар аясында делегация бірқатар маңызды кездесулер өткізіп, мәдени іс-шараларға қатысты, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ.
Ұлттық музей мен Омбы мемлекеттік тарихи-өлкетану музейі арасында өзара түсіністік туралы меморандумға қол қою рәсімі өтті. Құжат ғылыми-зерттеу, көрме ұйымдастыру және бірлескен басылымдар саласындағы ынтымақтастықты дамытуға негіз болады.
Ұлттық музей делегациясы Омбы мемлекеттік тарихи-өлкетану музейінің директоры Петр Вибемен кездесті. Әңгімелесу барысында қазақ халқының тарихына қатысты мәселелер талқыланып, бірқатар мәдени бастамалар көтерілді. Ең маңызды жобалардың бірі – қазақтардың, соның ішінде Ресей қазақтарының тарихын қамтитын этнографиялық экспонаттар негізінде бірлескен ғылыми каталог әзірлеу және шығару.
Делегация сондай-ақ «Омбы қазақтары» қоғамдық бірлестігінің басшылығымен (Торғын Ашенова) және аймақтың зиялы қауым өкілдерімен кездесті. Әңгіме барысында қазақ мәдениеті мен тарихын сақтау мәселелері қозғалды. Ұйым алдағы уақытта аймақтағы қазақтардың тарихы мен мәдениетіне арналған өз музейін ашуды жоспарлап отыр. Бұл бастаманы жүзеге асыруда Ұлттық музей тарапынан әдістемелік және сараптамалық қолдау көрсетілмек.
Сонымен қатар, делегация Қазақстанның Омбы қаласындағы Бас консулдығымен кездесті. Кездесу барысында қалада Шоқан Уәлихановтың 190 жылдығына байланысты іс-шараларды ұйымдастыру мәселелері талқыланды.
Қол қойылған меморандум мен жасалған уағдаластықтар ҚР Ұлттық музейі үшін халықаралық музейаралық серіктестікті дамытудың маңызды қадамдарының бірі болып табылады. Ынтымақтастық аясында ғылыми-зерттеу, көрме ұйымдастыру және бірлескен басылымдар бойынша жүйелі жұмыстар жүзеге асырылмақ.