Өтен Ахмет. ӨЛІАРА МІНЕЗ

Жаңалықтар
2383

1.Ашу

АҚШ-тың экономикалық санкциялары Ресейді ғана емес,тонның ішкі бауындай байланысқан, оның ықпалындағы басқа елдер қатарында Қазақстанға да айтарлықтай қиындықтар келтіріп жатқаны белгілі. Мысалына инвестицияның азайып кеткенін айтсақ та жетеді.Совет одағы құлағаннан кейінгі он бес жылдай уақытты да өтпелі өліара кезең дедік. Халықтың көрмеген қиындығы жоқ. Бірақ ел бәріне көнді. Тәуелсіздігі мен еркіндігіне қуанды. 

Қазақ жерінің асты да, үсті де қисапсыз мол байлық, ел игілігіне жұмсалады, әлі-ақ тұрмыс түзеліп, жетіліп кетеміз деп ойлады. Билік пен оппозиция арасындағы күресте көбіне саналы түрде билік жағында болды. Оппозиция тәуелсіз елдің бекімеген іргетасын сөгеді, жас шаңырағын шайқайды деп қауіптенді. Іргетас бекіді, шаңырақ күмбезделді. Алайда байығандар ат төбеліндей екен. Жақсы қызмет, жақсы айлық, жақсы үйлер соларға, солардың балаларына, туған туыстарына бұйырыпты. Бұрынғы совет кезінде тұрғызылған жатақханалар бұзылмай сол күйінде қала беріпті. Кедей-кепшіктің соңғы панасына айналыпты. Оған да екінің бірінің қол жете бермепті. Адамдар жұмыс таппай босыпты. Жұмыс тапқандардың айлығы 28 мың теңге, нан жеп, қара су ішуге ғана жететіндей мөлшерде болыпты. 

Ал бұл кезде қаншама ірі өндіріс ошақтары салынбақшы болған. Кейбірінің қадасы қағылып, қайсыбірінің қызыл лентасы қиылғанмен, дабыра күйінде қалған. Қыруар қаржы талан-таражға түскен. Яғни қарапайым халыққа тиыны да бұйырмай босқа шашылып кеткен.Әр нәрсенің инерциясы болады: бірі алға тартса, бірі кейін тартады.Кейін тартатынын құлдырау десек болады. Адамдар тұратын қоралар, жатақханалар өртенді. Жас сәбилер тұншығып, күйіп өлді. Осының бәрі аналарды ашындырды. Оның арты жалпы кедей-кепшіктің біртұтас ашуына ұласты. Сонда ғана кеудесін керген билік иіліп төмен қарады, аяғының астында құртша жыбырлап жүрген әлсіз адамдарды көрді. Шошып та кетті, есін де жиды. Айлықты сәл де болса көтеруге қаржы да табылды, көп балалы аналарға баспана да табылды.Әкімдер жерге түсті. Лашықтарды аралады. Жоқшылық көрген балалардың маңдайынан сипады. Қолына алып көтерді.

Байқаса, өздері де күні кеше ғана осы ортадан шыққан екен. Байқаса, бәрі бір қан, бір тағдырмен байланған ағайын, бауырлар екен. Қоғамдық үйлесімнің жақсылыққа бастайтын бір кең шапағатты арнасы ашылып кеткендей. Әттең, сәл кештеу болды ма, әйтпесе, кешегі бірінші мамыр күнгі АШУ-ЫЗА, АЙҚАЙ ШУ болмас па еді. Дегенмен, ештен кеш жақсы, деген аталы сөз бар ғой. Ең бастысы биліктегі бүкіл шенеунік халықтың қызметшісі екенін түсінсе, түсінбегеніне түсіндірсе, оңалмайтын дүние жоқ, бәрі орнына келеді.

Өтен Аxмет

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...