Карантин енгізілуіне байланысты астаналық тұрғындардың көпшілігі аспаздық, тігін, би және спорт жатт...
Павлодарда 20 жастағы жігіт энергетик ішіп реанимацияға түсті
Сурет ашық дереккөзден алынды
Павлодардың 20 жастағы тұрғыны ауыр жүрек жеткіліксіздігі диагнозымен ауруханаға түсті. Ол соңғы екі жыл бойы күн сайын төрт құтыға дейін энергетикалық сусын ішіп келген. Соның салдарынан жігітке уытты кардиомиопатия диагнозы қойылып, шұғыл түрде ауруханаға жатқызылды, деп хабарлады madeniportal.kz Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.
Жас жігіт кардиоорталыққа ентігу, жүрек соғысының жиілеуі, тез шаршау мен тәбеттің жоғалуы сияқты шағымдармен түскен. Бұған дейін жүрек-қан тамырлары ауруларымен ауырмаған.
— Оның жағдайы бастапқыда ауыр деп бағаланды. Алдымен пациент жансақтау бөлімінде емделді, кейін оны созылмалы жүрек жеткіліксіздігі бөлімшесіне ауыстырдық, — дейді кардиоорталық дәрігері, PhD докторанты Айнұр Шукимбаева.
Маманның айтуынша, диагноз — энергетикалық сусындарды шамадан тыс тұтынудың тікелей салдары. Қазір жігітке ұзақ уақыт ем қажет, сондай-ақ мұндай сусындарды өмірінен толықтай алып тастауы керек.
— Адам ағзасы әрдайым белгі береді. Егер энергетикалық сусыннан кейін жүрек соғысы жиілеп, мазасыздық, бас ауруы немесе ұйқысыздық қайталана берсе — бұл дабыл қағарлық жағдай, — деп ескертеді кардиолог.
Энергетиктер әсіресе дене жүктемесімен, алкогольмен, күйзеліс пен психобелсенді заттармен бірге қолданғанда өте қауіпті. Симптомдар жарты сағаттың ішінде-ақ пайда болуы мүмкін: қан қысымы мен тамыр соғысының күрт көтерілуі, қозу, артынша бас ауруы мен «сананың тұмандану» сезімі. Ауыр жағдайда — талып қалу мен ұстама байқалады.
Ең басты қауіп — кофеиннің жоғары мөлшерінде. Бір құтыда 3–4 кесеге тең мөлшердегі кофеин бар. Бұл таурин, гуарана немесе женьшень секілді басқа қоздырғыштармен бірігіп, жүрек-қан тамырлар жүйесіне түсетін жүктемені бірнеше есеге арттырады. Әсіресе 25-тен 40 жасқа дейінгі ер адамдар осындай қауіпке бейім, тіпті оларда денсаулығында айқын проблемалар болмаған күннің өзінде.
— Есте сақтаңыз: егер энергетикалық сусыннан кейін үнемі бірдей белгілер байқалса — бұл жай сәйкестік емес, нақты белгі. Мұндай жағдайда сусынды толықтай тастап, дәрігерге көріну керек, — дейді Айнұр Шукимбаева.