Мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Парламент дәлізінде журналистердің сұрағына жауап бере отырып, Түрк...
Павлодарлық әйел үшем босанып, жеті баланың анасы атанды
Фото: әлеуметтік желі
Павлодар облыстық перинаталдық орталығында бір айдың ішінде екінші рет үшем дүниеге келді. 34 жастағы Елдана Дюсенова бірден үш сәбиді өмірге әкеліп, жеті баланың анасы атанды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Жаңа туған нәрестелерге Елнара, Елнияр және Елдияр есімдері берілген. Бұған дейін Елдана Дюсенова мен жұбайы Ермек Түсіпбеков төрт бала тәрбиелеп отырған.
Көпбалалы ана білім беру саласында қызмет етеді. Ол Павлодар ауданына қарасты Кеменгер ауылындағы балалар өнер мектебі директорының міндетін атқарады.
Елдана үшемнің өмірге келуін отбасы үшін үлкен қуаныш екенін айтып, перинаталдық орталық дәрігерлеріне көрсеткен қамқорлығы мен сапалы медициналық көмегі үшін алғыс білдірген.
Сәбилердің әкесі Ермек Түсіпбеков те бірден үш баланың дүниеге келуі бүкіл әулет үшін ерекше қуаныш болғанын жеткізді. Ата-анасы балаларының дені сау болып өсіп, елге қызмет ететін азамат болғанын тілейді.
Үшемдерді перзентханадан шығарып алу рәсіміне отбасының туған-туыстары мен жақындары, сондай-ақ Павлодар облыстық перинаталдық орталығының қызметкерлері қатысты.
Қазіргі уақытта ана мен үш сәбидің жағдайы жақсы.
Айта кетейік, бұл – Павлодар перинаталдық орталығында соңғы бір айдың ішінде дүниеге келген екінші үшем.
Орталық директоры Гүлнар Буратаеваның мәліметінше, үшемнің дүниеге келуі сирек кездеседі. Перинаталдық орталықта жыл сайын орта есеппен 80 егіз өмірге келеді.