Мойынты-Шығанақ учаскесінің Шешенқара–Қаражанғыл аралығында ірі теміржол апаты болды, деп хаба...
Петропавлда үш қолды ата-ана бейнеленген баннер дауға қалды
әлеуметтік желі
Петропавлда отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы орнатылған баннер әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Тұрғындар суреттегі әке мен ананың әрқайсысында үш қол бейнеленгенін байқап, дизайнердің жұмысына күмән келтірген. Алайда қала әкімдігі мұның қателік емес екенін мәлімдеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Ерекше баннердің суреті Threads әлеуметтік желісінде тараған. Ол Петропавлдағы Ульянов көшесінде, №59 және №61 үйлердің арасында орналасқан.
Суретте әке, ана және олардың ортасында тұрған кішкентай бала бейнеленген. Ата-анасы баланың қолынан ұстап, бастарының үстіне шатыр тәрізді қорған жасап тұр. Алайда суретке мұқият қараған тұрғындар ересектердің әрқайсысында үш қол бар екенін байқаған.
Желі қолданушылары мұны дизайнердің қателігі болуы мүмкін деп болжап, түрлі әзіл пікірлер қалдырған.
Ал қала әкімдігі баннердегі ерекше бейненің өзіндік мағынасы бар екенін түсіндірді.
«Баннердегі сурет қате емес, автордың көркемдік тәсілі. Дизайнер осылайша отбасындағы қорғаныш пен оның бірнеше міндетті қатар атқара алатынын көрсеткісі келген», – деп түсіндірді әкімдік өкілдері.
Белгілі болғандай, баннер биыл қыркүйекте ашылған тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына қолдау көрсету орталығының жанына орнатылған. Орталықта қиын жағдайға тап болған әйелдерге психологиялық көмек көрсетіледі.
Дегенмен дизайнердің ерекше идеясы көпшілікке бірдей түсінікті болмаған.
Осыған байланысты Петропавл әкімдігі даулы баннерді алып тастап, орнына жаңасын орнату туралы шешім қабылдады.
«Автордың көркемдік ойы жұртшылық арасында әртүрлі қабылданғандықтан, баннерді алып тастап, орнына басқасын орнату туралы шешім қабылданды», – деп хабарлады әкімдік.
Осылайша, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алуды насихаттауға арналған әлеуметтік жарнама ерекше дизайнымен жұртшылық назарын аударды.