Президент Ақтауда Әбіш Кекілбайұлына қойылған ескерткішті ашты

Жаңалықтар
4172

АҚТАУ. Маңғыстауға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халық жазушысы, әдебиет алыбы Әбіш Кекілбайұлына қойылған ескерткішті ашты, деп хабарлайды "Мәдениет порталы".

Салтанатты рәсімде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Маңғыстау өңірінің қадір-қасиетін ерекше айтып өтті. 

«Маңғыстау – жеті жұрт келіп, жеті жұрт кеткен жер атанғаны баршаға мәлім. Ертеде осы өңірден Еуропа мен таяу шығысқа Ұлы Жібек жолы жалғасқанын білеміз. Бұл өлке Каспий теңізі арқылы елімізді 4 мемлекетпен байланыстырып тұр. Тоғыз жолдың торабындағы облыс қай жағынан алсақ та маңызы зор аймақ. Мәдени жәдігерлері мол, осы өңірді аспан астындағы мұражай деуге болады. Бұл - пір Бекет, Шақпақ ата, Шопан ата бабаларымыз өмір сүрген жер. Маңғыстау - 362 әулиенің мекені «, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Оның айтуынша, бүгін рухын ұлықтап отырған Әбіш Кекілбай - адамзаттық болмыстың жоғары деңгейіне көтерілген біртуар тұлға, қазақ халқының ұлы перзенті. 

«Халықтың мақтанышына айналған азаматтардың есімін жадымыздан шығармау – баршамыздың парызымыз. Елбасының «Шіркін-ай, осындай қазақ көбірек болса екен», деп Әбіш ағаға ризашылығын білдіруі тегін емес. Зиялы қауым оған айрықша құрмет көрсетіп, қазақтың маңдайы деп атады. Әбіш Кекілбаев - «Қазақстанның еңбек ері» атағын алған тұңғыш қаламгер», - деді Мемлекет басшысы. 

Ақтау қаласындағы 19А шағынауданда бой көтерген ескерткіштің авторы - мүсінші, суретші Көшер Байғазиев. 

Ескерткіш қоладан тұрғызылған. Биіктігі – 3,5 метр. Салмағы - 3,5 тонна. Мүсін тұғырының биікті – 2,4 метр.

Құрылыс жұмыстары 2019 жылы мамырда басталған. Құны 48 млн теңге болатын жобаның демеушісі - NCOC компаниясы.

Айта кетейік, биыл әдебиетіміздің алып бәйтерегі Әбіш Кекілбайұлының туғанына 80 жыл толды. Осыған орай, абыздың туып-өскен жері Маңғыстауда мерейтой халықаралық деңгейде тойланбақ. Республиканың түкпір-түкпірінен қаламгердің замандастары, ақын-жазушылар, қоғам қайраткерлері - барлығы 100-ге жуық адам арнайы қатысады деп күтілуде. 

Сонымен қатар, бүгін Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде Әбіш Кекілбайұлының 80 жылдығына арналған шаралардың ресми ашылу салтанаты болады. Оған ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысады деп жоспарланған.

 

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...