Үкім заңды күшіне енген жоқ Жамбыл облысы Мойынқұм аудандық соты парақорлық жасағаны үшін аудан әкі...
Қапшағайдағы әскери бөлімде сарбаз терезеден секіріп кеткен
Фото: әлеуметтік желі
Қапшағай қаласындағы әскери бөлімде мерзімді әскери қызметін өтеп жүрген 2006 жылы туған сарбаз ауыр жарақат алып, жансақтау бөліміне түсті. Оның туыстары ресми нұсқаға күмән келтіріп, оқиғаның барлық мән-жайын ашуды талап етіп отыр, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Бұл туралы әлеуметтік желіде Гүлмира Әбіқай баяндады. Әскерде жүрген Жанат Санжар Дамирұлы төртінші қабаттан құлап кеткен. Алайда жақындарының айтуынша, ол әскерге шақырылғалы бері ата-анасымен үнемі байланыста болған және қызметіне немесе денсаулығына қатысты ешқандай шағым айтпаған.
Туыстарының сөзінше, сарбаздың ата-анасы оған оқиға болардың алдында ғана барып, жағдайының жақсы екенін көріп қайтқан. Ал келесі күні түнде оның төртінші қабаттан құлағаны туралы хабар жеткен.
Қазіргі уақытта жас жігіт жансақтау бөлімінде жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, оның бірнеше қабырғасы сынған, өкпесі, бүйрегі зақымданған және қуығы жарылған.
Сарбаздың жақындары оның өз еркімен терезеден секіргеніне сенбейтіндерін айтып отыр. Олардың айтуынша, жігіттің болашаққа жоспары көп болған және мұндай қадамға баруы мүмкін емес. Осыған байланысты олар оқиға болған сәттің бейнебақылау камераларындағы жазбаларын жариялап, істің жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етуде.