Қасым-Жомарт Тоқаев ҚР сыртқы саясатының 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын бекітті

Жаңалықтар
2384

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті, деп хабарлайды "Мәдениет порталы" Ақордаға сілтеме жасап.

Қаулының толық мәтінін ұсынамыз. 

ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) бекітілсін.

2. Қазақстан Республикасының Үкіметі үш ай мерзімде Тұжырымдаманы іске асыру жөнінде шаралар қабылдасын.

3. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

4. «Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2014 – 2020 жылдарға арналған тұжырымдамасы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2014 жылғы 21 қаңтардағы № 741 Жарлығының күші жойылды деп танылсын.

5. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының

        Президенті                                                                     Қ.Тоқаев

 

Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2020 жылғы 6 наурыз

                                    № 280



Қазақстан Республикасы Президентінің

                        2020 жылғы   6 наурыздағы

№ 280  Жарлығымен

БЕКІТІЛГЕН

 

Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы

 

1-тарау. Ағымдағы жағдайды талдау

 

Қазіргі халықаралық қатынастар жүйесі күрделі өзгеріске ұшырауда, оның басты белгілері:

сенім дағдарысы және қақтығыстылықтың артуы, оның ішінде қауіпсіздік пен диалог бойынша көпжақты институттар функционалдығының төмендеуі, алдын алу дипломатиясы және дауларды реттеу тетіктері тиімділігінің төмендігі салдарынан болуы;

халықаралық құқықтың негіз қалаушы қағидаттардың бұзылуы, әлемдік деңгейде екі негізгі үрдістің – жаһандану мен ұлтшылдықтың бетпе-бет келуі, бұл шағын және орта мемлекеттерге елеулі қауіп төндіреді;

қауіпсіздікке төнетін терроризм, экстремизм, жаппай қарулану, оның ішінде зымырандық, ядролық және ғарыштық қару, климаттың өзгеруі және т.б. сияқты дәстүрлі сын-тегеуріндер мен қатерлердің өршуі;

геосаясат пен геоэкономикаға әсер етуші, оның ішінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың дамуымен, гибридтік және киберсоғыстар құбылысымен байланысты жаңа факторлардың пайда болуы;

жаһанданудың және халықаралық сауда жүйесінің заманауи үлгісінің эрозиясы, елдер мен өңірлер арасындағы экономикалық және технологиялық дамудағы алшақтықтың ұлғаюы, жаһандық қаржы жүйесінің осалдығы, сауда және валюталық соғыстардың күшеюі, санкциялық текетірес болып табылады. 

Осыған байланысты әлемдік қоғамдастық халықаралық қатынастардың барынша орнықты жүйесін құру қажеттігін түсінуде, оған мынадай факторлар дәлел болуда:

елдер мен өңірлердің өзара тәуелділігінің өсуі;

жаһандық және өңірлік мәселелерді шешудің, заманауи сын-тегеуріндерді бірлесіп еңсеру жолдарын іздеудің жинақталған тәжірибесі;

жетекші мемлекеттер мен әскери-саяси блоктардың арасында ашық идеологиялық текетірестің болмауы;

нарық экономикасына балама жоқ екендігін түсіну.

Аталған факторлар Қазақстанның сыртқы саясат саласындағы тұжырымдамалық және практикалық тәсілдерге елеулі әсерін тигізуде.

Біздің еліміз тәуелсіздік жылдары халықаралық аренада ұстанымын нығайтып, бейбітшіл және ашық мемлекет, жаһандық және өңірлік істерде сенімді әріптес ретінде орнықты. Қазақстан көпвекторлы, сындарлы және белсенді сыртқы саясатты жүзеге асыруда, қауіпсіздік, ынтымақтастық және даму салаларында жаһандық және өңірлік күн тәртібін қалыптастыру мен іске асыруда елеулі үлес қосуда. Бұл ретте ұлттық мүдделерді барынша және мызғымастықпен қорғауға, сыртқы саяси және сыртқы экономикалық басымдықтарды сындарлы түрде ілгерілетуге басты назар аударылады.

Сонымен қатар Қазақстанның мемлекеттік дамудың жаңа кезеңіне шығуы және жаңа экономикалық бағыттың қалыптасуы Қазақстанның сыртқы саясатын жаңа болмыс пен сын-қатерлерге алып келеді.

Біріншіден, саяси және экономикалық ықпал, халықаралық нарықтар мен инвестициялық ағындар үшін мемлекетаралық бәсекелестіктің күшеюі аясында Қазақстан өзіне әлемдік қоғамдастықтың жауапты мүшесі, Еуразия құрлығының геосаяси және геоэкономикалық орналасу жүйесінің негізгі элементі, Орталық Азия өңіріндегі көшбасшы мемлекет мәртебесін бекітуі тиіс.

Екіншіден, жаһандық және өңірлік ахуалдың қарқынды өзгеруі жағдайында ел мен әлем үшін нақты нәтижелерге қол жеткізу мақсатында прагматизм, жүйелі талдау негізінде Қазақстанның халықаралық бастамаларын барынша тиімді және жүйелі ілгерілетуді қамтамасыз ету маңызды.

Үшіншіден, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес және әлемдегі дамыған отыз мемлекет қатарына кіру бойынша стратегиялық міндетті ескере отырып, сыртқы периметрде мемлекеттің, бизнестің, әрбір азаматтың мүдделерін ілгерілету мен қорғауға назар аударуды күшейту қажет. Бұл қуатты, халықаралық қарым-қатынастардың қазіргі жүйесімен тығыз байланысқан үйлесімді және әлеуметтік жауапты мемлекет құрудың негізгі шарты болып табылады.

Сыртқы саяси ой-пікірлер мен дипломатиялық құралдар жүйесін ұзақ мерзімді талаптарға сәйкес келтіру қажеттігі осы құжатты қабылдаудың орындылығын айқындайды.

Қазақстан Республикасы сыртқы саясатының 2020-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы 2050 жылға дейінгі ұзақ мерзімді және орнықты даму стратегиясында, «Бес институционалдық реформаны жүзеге асыру жөніндегі 100 нақты қадам» Ұлт жоспарында және Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы жолдауларында көрсетілген мақсаттар мен міндеттерді ескере отырып әзірленді.

 

2-тарау. Халықаралық тәжірибе

 

Сыртқы саясат тұжырымдамаларын (бұдан әрі – ССТ) әзірлеу халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады.

Шет елдердің ССТ-на шолу келесі негізгі жағдайларды айғақтайды.

  1. Әлем мемлекеттері ұлттық мүдделерді сәтті іске асыру, тиімді халықаралық стратегия жүргізу мақсатында сарапталған және шындыққа негізделген ССТ болуының маңыздылығын ұғынады.
  2. ССТ мемлекеттерде халықаралық қатынастар жүйесіндегі объективті мүмкіндіктері, орны мен рөлінен туындайтын, олардың ұзақ мерзімді және қазіргі мүдделерінің көрінісі болып табылады.
  3. ССТ-ны әзірлеуде мемлекеттердің халықаралық қызметінің жинақталған тәжірибесін шоғырландыруға және пайдалануға ұмтылысы, белгілі сабақтастықты сақтау үрдісі байқалады.
  4. Шет елдердің ССТ көпшілігі сыртқы, ішкі және экономикалық саясаттың өзара байланысына негізделеді.

     Қазақстанның орташа өңірлік мемлекет ретіндегі мәртебесін ескере отырып, салыстырмалы халықаралық санаттағы шет елдердің ССТ талдауға ерекше қызығушылық танытылды. Бұл ретте мынадай заңдылық байқалды: орташа мемлекеттердің сыртқы саяси бағыттарын қалыптастыруға ерекше ықпалды жүйелі факторлар тигізеді (сыртқы саясаттың күн тәртібіне тікелей ықпал ететін жаһандық және өңірлік деңгейдегі оқиғалар мен үрдістер).

Жалпы алғанда, осы Тұжырымдама сыртқы саяси құжаттарды әзірлеудің әлемдік практикасының оң тәжірибесін жинақтайды және оны Қазақстанның дамуының қазіргі жағдайына бейімдейді.

 

3-тарау. Сыртқы саясаттың негізгі қағидаттары

 

Қазақстан Республикасы өзінің сыртқы саясатын келесі негізгі қағидаттар негізінде жүзеге асырады:

1)  Тұңғыш Президент – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ел дамуының жаңа кезеңіндегі сыртқы саяси ұстанымының сабақтастығы;

2) тұрақты, әділ және демократиялық әлемдік тәртіп құруға жәрдемдесу; әлемдік саяси, экономикалық және гуманитарлық кеңістікке тең құқылы интеграциялану; қазақстандықтардың және шетелде тұратын қандастардың құқықтарын, еркіндіктері мен заңды мүдделерін тиімді қорғау;  

3) мемлекеттің сыртқа ашықтығын ілгерілету, қазақстандықтардың
әл-ауқатының деңгейін көтеру, елдің саяси, экономикалық және рухани әлеуетін дамыту үшін қолайлы сыртқы жағдайлар жасау;

4) Қазақстанды практикалық тұрғыда қызықтыратын барлық мемлекеттермен, мемлекетаралық бірлестіктермен және халықаралық ұйымдармен достық, тең құқықтық және өзара тиімді қарым-қатынастарды дамытуды білдіретін көпвекторлық, прагматизм және белсенділік;

5) көпжақты консультациялар мен келісімдер негізінде жаһандық және өңірлік мәселелердің кең ауқымын шешудегі халықаралық қоғамдастықтың тиімді тәсілдері мен ұжымдық көзқарасын қалыптастыруға бағытталған мультилатерализм;

6) трансшекаралық сипаттағы сын-тегеуріндер мен қатерлерге ден қоюда, жанжалдарды реттеуде, қақтығыстан кейінгі елдерде бейбітшілікті нығайтуда халықаралық қоғамдастықтың интеграцияланған тәсілдерін әзірлеуді білдіретін ұлттық, өңірлік және жаһандық деңгейлердегі қауіпсіздік пен дамудың ажырамас байланысы.

 

4-тарау. Сыртқы саясаттың мақсаттары мен міндеттері

Қазақстанның сыртқы саяси стратегиясы келесі стратегиялық мақсаттарға қол жеткізуге бағытталған:

1) елдің тәуелсіздігін, мемлекеттік егемендігін және аумақтық тұтастығын нығайту, сыртқы саяси бағыттың дербестігін сақтау;

2)  Орталық Азия өңірінде Қазақстанның көшбасшылық орнын нығайту және ұзақ мерзімді мүдделерін ілгерілету;

3) Қазақстанды халықаралық және өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде елеулі үлес қосатын халықаралық қоғамдастықтың белсенді және жауапты мүшесі ретінде көрсету;

4) шет мемлекеттермен екіжақты және көпжақты форматта достық, болжамды және өзара тиімді қарым-қатынастарды сақтау, мемлекетаралық бірлестіктер және халықаралық ұйымдармен кешенді өзара іс-қимылды дамыту;

5) ұлттық экономиканың бәсекелестікке қабілеттілігін, қазақстандықтар тұрмысының деңгейі мен сапасын көтеру мақсатында сыртқы саясаттың әлеуетін толыққанды пайдалану;

6) сыртқы саяси әдістер арқылы көпұлтты Қазақстан халқының бірлігін сақтау және нығайтуға жәрдемдесу;

7) Қазақстан азаматтарының және ұлттық бизнестің іс жүзіндегі мүдделерін мемлекеттің сыртқы саясатының негізгі бағытына айналдыру;

Мақсаттарға қол жеткізу мынадай міндеттерді қоюды және іске асыруды айқындайды:

1) Қазақстанның төңірегінде саяси тұрақты, экономикалық орнықты және қауіпсіз кеңістік құру бойынша күш-жігерді нығайту;

2) халықаралық бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайту, жаһандық және өңірлік қауіпсіздік пен өзара іс-қимыл жүйесінің тиімділігін арттыру бағытын жалғастыру;

3) мемлекеттің ұзақ мерзімді стратегиялық мүдделерін ілгерілету мен қорғауды ескере отырып, екіжақты және көпжақты деңгейде сыртқы саясаттың басты мәселелеріне қатысты жаңа тәсілдер тұжырымдап, іске асыру;

4) сыртқы саясатты «экономикаландырудың» жаңа деңгейін қамтамасыз ету, әлемдік шаруашылық байланыстар жүйесінде Қазақстанның ұстанымдарын одан әрі күшейту;

5) «гуманитарлық дипломатияны» жандандыру, халықаралық қоғамдастықта елдің жағымды бейнесін танымал ету;

6) сыртқы саяси мәселелер бойынша қазақстандық қоғамдастықпен тиімді байланыстар жүйесін орнату;

7) шетелде Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке және отбасылық құқықтарын, жеке және заңды тұлғаларының заңды мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету бойынша жұмысты жетілдіру.

 

5-тарау. Сыртқы саясаттың даму үрдістері мен пайымы

 

Жоғарыда баяндалған мақсаттар мен міндеттер елдің халықаралық аренадағы мынадай маңызды басымдықтарын белгілейді.

1. Халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау саласындағы басымдықтар

      1.1. Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Жарғысының мақсаттары мен қағидаттары негізінде халықаралық қатынастардағы сенім ахуалын қалпына келтіру және нығайтуға жәрдемдесу, тең құқықтық пен ымыра негізінде көпжақты өзара іс-қимылды ілгерілету;

      1.2. алдын алу дипломатиясы мен медиациясының мүмкіндіктеріне көңіл аудара отырып, мемлекетаралық қақтығыстар мен дағдарыстарды, іргелес өңірлердегі азаматтық жанжалдарды шешуде кешенді тәсілді қолдану;

        1.3. стратегиялық тұрақтылықты күшейтуге жәрдемдесу, ядролық қаруды кез келген мақсатта қолдануға және оны қолдану бойынша сес көрсетуге қарсы әрекет жасау; ядролық қару және жаппай қырып-жою қаруының (ЖҚҚ) басқа да түрлерінен азат әлемге қол жеткізуге күш салуды жалғастыру; ядролық қарудан таза аймақтар құруды қолдау;

        1.4. қару-жарақтың кәдімгі және жаңа түрлерінің жарысына жол бермеу бойынша халықаралық күш-жігерге атсалысу, қару-жарақтың кәдімгі және жаңа түрлеріне бақылау жасаудың халықаралық режимдерін сақтау мен ілгерілету бойынша шараларды қолдау;

     1.5. Азиялық  қауіпсіздіктің түйінді мәселелерін шешудің, оның ішінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңесті (АӨСШК) қауіпсіздік пен даму бойынша өңірлік ұйымға айналдыру арқылы, кешенді тәсілдерін іздеуді жандандыру;

      1.6. халықаралық терроризмге және экстремизмге қарсы іс-қимылда жаһандық және өңірлік күш-жігерді біріктіруге, оның ішінде халықаралық терроризмге қарсы ауқымды коалиция құру арқылы жәрдемдесу; ұйымдасқан қылмыс, есірткі бизнесі және қылмыстық әрекеттің басқа да түрлерімен күрес саласында сыртқы әріптестермен өзара іс-қимыл жасасу;

      1.7. халықаралық ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, кибертерроризмге және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды құқыққа қайшы мақсатта қолдануға, оның ішінде халықаралық бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қатер төндіретін әрекеттерге қарсы күреске жәрдемдесу.

2. Экономикалық дипломатия саласындағы басымдықтар

2.1. ұлттық экономиканың құрылымдық трансформациясы үдерісіне, оның ішінде индустрияландыру бағдарламаларын жүзеге асыру және «қарапайым заттар экономикасын» дамытуға халықаралық ресурстар мен әлеуетті тарту;

2.2. экономиканың базалық салаларына сапалы шетелдік инвестицияларды тарту үшін халықаралық ынтымақтастықты кеңейту: машина және құрал жасау, агроөнеркәсіптік кешен, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдарын өндіру, тау-кен өндіру өнеркәсібі, көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, туризм, мұнай-газ химиясы және мұнай өңдеу, мұнай сервисі саласы, агрохимия өнеркәсібі, түсті металлургия;

2.3. инновациялық және индустриялық үдерістің маңызды бөлігі ретінде Қазақстанға озық шетелдік технологияларды трансферлеуге жәрдемдесу. Жаңа жоғары технологиялық салаларда халықаралық әріптестікті, оның ішінде «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында, «жасанды интеллект», «үлкен деректер» секторларын және басқа іргелес бағыттарды дамыту тұрғысынан ашық юрисдикция ретінде Қазақстан брендін ілгерілету;

2.4. су, жер, биологиялық және басқа да ресурстарды пайдаланудың тиімділігін арттыру мақсатында «Қазақстан Республикасының «жасыл экономикаға» көшуі бойынша тұжырымдаманы» іске асыру үшін қолайлы сыртқы жағдайларды қамтамасыз ету;

2.5. Қазақстан экономикасының бәсекеге қабілетті салаларының халықаралық және өңірлік өндіріс тізбелеріне интеграциялануына жәрдемдесу;

2.6. қазақстандық инвесторлар мен тауар өндірушілерге шетелдік нарықтарда жобаларды іске асыруда қолдау көрсету, басқа елдердің мемлекеттік органдары тарапынан оларды кемсітушілікке жол бермеу;

2.7. ұлттық, ең алдымен, шикізаттық емес экспорттың тізімдемесін, көлемін және географиясын, оның ішінде әзірленіп жатқан «2025 жылға дейінгі сауда саясатының мемлекеттік бағдарламасының» және оның кейінгі редакцияларының басымдықтарын ескере отырып, кеңейтуге жәрдемдесу. Сапаның халықаралық стандарттарын әзірлеу мен енгізуге қатысу, қазақстандық тауарлар мен қызметтердің экспортына бөгет жасайтын тарифтік, тарифтік емес және қорғау шараларын алып тастауға жәрдемдесу;

2.8. «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының әлеуетіне, «ашық аспан» режимін енгізуге және шетелдік әріптестердің инфрақұрылымдық бастамаларына сүйене отырып,  Қазақстанды  Шығыс – Батыс және Солтүстік – Оңтүстік магистралдық жолдарындағы трансконтиненталдық транзиттік-логистикалық хабқа айналдыру;

2.9. өңірлік және жергілікті деңгейде, оның ішінде Қазақстан және Ресей өңіраралық ынтымақтастық форумының, «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығының, «Орталық Азия» сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығының негізінде сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту;

2.10. өңірлік және жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті нығайтуға, энергия ресурстарын өндіруші, транзит және тұтынушы елдер мүдделерінің теңгеріміне қол жеткізуге, оларды экспорттаудың әртараптандырылған, тұрақты және қауіпсіз бағыттарын құруға жәрдемдесу;

2.11. жаһандық қаржылық экожүйеге одан әрі интеграциялануы мақсатында «Астана» халықаралық қаржы орталығының алаңын ілгерілету. Қазақстанның тауар биржаларын басқаруға ірі шетелдік компанияларды тарту;

2.12. Дүниежүзілік сауда ұйымының қағидаттары негізінде халықаралық сауда жүйесінің тиімді жұмыс істеуіне жәрдемдесу;

2.13. өңірлік азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша халықаралық күш-жігерге, оның ішінде Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі Ислам Ұйымының әлеуетін пайдалану арқылы қатысу;

2.14. дамуға ресми көмек көрсету жөніндегі әлемдік қоғамдастықтың күш-жігеріне жәрдемдесу.

3. Адам құқықтары, гуманитарлық дипломатия және қоршаған ортаны қорғау саласындағы басымдықтар

3.1. әлем мемлекеттерінің тарихи дамуының және мәдени құндылықтарының ерекшеліктерін ескере отырып, адам құқықтары мен еркіндіктерін қорғау, азаматтық қоғамның дамуы саласында сындарлы және тең құқықтық ынтымақтастықты нығайту;

3.2. мәдениетаралық және дінаралық диалогты, оның ішінде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезі, «Мәдениеттер жақындасуының халықаралық онжылдығы» аясындағы бастамалар, БҰҰ Өркениеттер альянсына және басқа да халықаралық бастамаларға қатысу арқылы дамытуға жәрдемдесу;

3.3. өшпенділік, нәсілдік кемсітушілік, діни қайшылықтар, экстремизм мен ұлтшылдық негізіндегі қылмыстық актілерге қарсы тұру бойынша әлемдік қоғамдастықтың күш-жігеріне атсалысу;

3.4. заңсыз көші-қонға және адам саудасына қарсы күрес саласында халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға қатысу;

3.5. визалық рәсімдер мен режимдерді ырықтандыру бойынша көпжақты конвенцияларға қосылу және екіжақты шарттар жасасу;

3.6. қылмыстық және азаматтық істер бойынша өзара құқықтық көмек көрсету, адамдарды ұстап беру мен сотталған адамдарды беру туралы екіжақты шарттар жасасу;

3.7. білім беру, ғылым, мәдениет, спорт және жастар саясаты салаларында екіжақты және көпжақты деңгейдегі халықаралық ынтымақтастықты кеңейту;

3.8. қазақ халқының бай тарихи-мәдени мұрасын, оның ішінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында танымал ету;

3.9. сыртқы саяси мақсаттарға қол жеткізу, халықаралық бастамаларды ілгерілету, шет елдермен ынтымақтастықты дамыту үшін «цифрлық дипломатияның» құралдарын қолдануды кеңейту;

3.10. өңірлік және жаһандық саясат пен экономика мәселелері бойынша Қазақстанның тәсілдемелері мен бастамалары туралы, оның ішінде Астана экономикалық форумы, Еуразиялық Медиа Форум және «Astana Club» әлеуетін пайдалану арқылы әлемдік қоғамдастықты хабардар ету;

3.11. елдің сыртқы саясатының міндеттері мен басымдықтары, қоғамның сыртқы саяси біліктілігін арттыру және негативті сыртқы ықпалға төзімділігін күшейту мақсатында қазақстандықтар үшін нақты нәтижелер мен пайдалар туралы қазақстандық қоғамда жүйелі түрде түсіндіру жұмысын жүргізу;

3.12. шет елдерде қазақ қауымдары шоғырланып тұратын жерлерде қазақ тілі мен мәдениетін дамытуға, олардың тарихи Отанымен байланысын сақтауына, оның ішінде Дүниежүзі қазақтарының қауымдастығы және «Отандастар» қоры арқылы қолдау көрсету;

3.13. шет елдердегі Қазақстан азаматтарының, сондай-ақ шетелдіктер асырап алған, шет елдерде тұратын қазақстандық балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;

3.14. саяси, экономикалық және гуманитарлық байланыстарға жәрдемдесу үшін «парламенттік дипломатияның» әлеуетін пайдалану;

3.15. сыртқы саясат саласында «халықтық дипломатия» құралдарын қолдану, қазақстандық үкіметтік емес сектормен өзара іс-қимыл жасасу;

3.16. қоршаған ортаны қорғау, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар салдарының алдын алу саласында халықаралық ынтымақтастықты кеңейту;

3.17. көршілес елдермен бірлесіп, трансшекаралық су ресурстарын әділ және ұтымды пайдалану, тұрақты басқару және қорғау саласындағы шарттық құқықтық базаны, құралдар мен тетіктерді жетілдіру бойынша жұмысты жалғастыру;

3.18. бұрынғы Семей ядролық полигоны мен Арал теңізінің аумақтарын оңалту, сондай-ақ шөлейттенуге қарсы күрес бойынша шетелдік донорлармен ынтымақтастық жасау;

3.19. Каспий маңы елдерімен бірлесіп, «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияның» және оған қатысты хаттамалардың баптарын практикалық тұрғыда жүзеге асыру;

3.20. денсаулық сақтау саласында, оның ішінде эпидемиялар мен пандемияларға қарсы іс-қимыл мақсатында халықаралық ынтымақтастыққа атсалысу;

4. Өңірлік және көпжақты дипломатия саласындағы басымдықтар

4.1. Алматы қаласындағы БҰҰ хабына Тұрақты даму мақсаттары бойынша БҰҰ-ның Қазақстандағы өңіраралық орталығы мәртебесін беру және оның Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстандағы қызметіне жәрдемдесу;

4.2. Ресей Федерациясымен одақтастық қатынастарды, Қытай Халық Республикасымен жан-жақты стратегиялық әріптестікті, Америка Құрама Штаттарымен кеңейтілген стратегиялық әріптестікті, Орталық Азия мемлекеттерімен стратегиялық қарым-қатынастарды, Еуропалық Одақпен (ЕО) және ЕО-ға мүше мемлекеттермен кеңейтілген әріптестік пен ынтымақтастықты одан әрі дамыту;

4.3. Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) қатысушы мемлекеттермен ЕАЭО туралы шартта белгіленген салаларда тығыз өзара іс-қимылды жалғастыру. Қазақстанның ұзақ мерзімді ұлттық мүдделерін толыққанды ескеру мақсатында ЕАЭО аясындағы келіссөздер үдерісін жүргізудің тәсілдемелерін оңтайландыру;

4.4. саяси, сауда-экономикалық және гуманитарлық, сондай-ақ қауіпсіздік және жаңа сын-тегеуріндер мен қатерлерге қарсы іс-қимыл салаларында көпжақты диалогты нығайту мақсатында Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттермен екіжақты және көпжақты өзара іс-қимылды дамыту;

4.5. Еуразиялық және жаһандық үдерістерде маңызы тоқтаусыз өсіп келе жатқан Орталық Азия өңірінде көпжақты диалог пен ынтымақтастықты кеңейту. Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы әріптестерімен өзара іс-қимылының қазіргі форматтарын нығайту;

4.6. Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның негізінде, сондай-ақ Қазақстанның энергетика, көлік, қоршаған ортаны қорғау және қауіпсіздік салаларындағы ұзақ мерзімді мүдделерін ескере отырып, Каспий өңірінде тұрақтылықты сақтау және ынтымақтастықты кеңейту;

4.7.  ЕО құрамына кірмейтін Еуропаның жетекші мемлекеттерімен өзара тиімді байланыстарды жандандыру. Еуропа және Еуразиядағы саясат пен қауіпсіздік салаларындағы көпжақты ұйымдармен – Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Еуропа Кеңесі, Солтүстік Атлантикалық шарт ұйымы және басқа институттармен ынтымақтастықты кеңейту бойынша бағытты жалғастыру;

4.8. Шығыс, Оңтүстік-Шығыс және Оңтүстік Азия, Орта және Таяу Шығыс, Солтүстік Африка елдерімен қатынастарды нығайту. Азия өңіріндегі халықаралық ұйымдардың, оның ішінде Шанхай ынтымақтастық ұйымы, АӨСШК, Ислам ынтымақтастық ұйымы, Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі, Экономикалық ынтымақтастық ұйымы, «Азия – Еуропа форумы» өңіраралық диалогтық үдерістің жұмысына белсенді түрде қатысу. Қазақстан қатыспайтын өңірлік ұйымдармен – Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінің қауымдастығы, Араб мемлекеттерінің лигасы, Парсы шығанағы мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі және басқа да құрылымдармен байланыстарды кеңейту;

4.9. саяси және сауда-экономикалық ынтымақтастық әлеуетін барынша толыққанды іске қосу мақсатында Солтүстік және Латын Америкасы, Кариб бассейні және Африка елдерімен, сондай-ақ олар қатысатын өңірлік ұйымдармен ынтымақтастықты дамыту;

4.10. халықаралық және өңірлік экономикалық және қаржы ұйымдармен – Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы, Халықаралық валюта қоры, Дүниежүзілік банктің тобы, Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі, Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азиялық даму банкі, Еуразиялық даму банкі, Еуропалық инвестициялық банкі, Ислам даму банкі және басқа да институттармен өзара іс-қимылды нығайту.

 

Сыртқы саясатты іске асыру құралдары

Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес Президент елдің сыртқы саясатының негiзгi бағыттарын айқындайды және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкiлдiк етеді.

«Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңына сәйкес Қазақстан Республикасының Тұңғыш  Президенті – Елбасына оның тарихи миссиясына байланысты өмір бойы Қазақстан халқына, мемлекеттік органдар мен лауазымды адамдарға сыртқы саясаттың аса маңызды мәселелері бойынша бастамалар жасау құқығы тиесілі.

Парламент еліміздің ең жоғары өкілді органы бола отырып, өзінің конституциялық өкілеттіктері шеңберінде халықаралық шарттарды ратификациялау, олардың күшін жою бойынша заңнамалық жұмыс жүргізеді.

Сыртқы саясат саласында уәкілетті орган болып табылатын Сыртқы істер министрлігі (бұдан әрі – СІМ) сыртқы саясаттың негізгі бағыттарын әзірлеуді және Мемлекет басшысының халықаралық бастамаларын іске асыруды жүзеге асырады, сондай-ақ Президентке және Үкіметке тиісті ұсыныстар береді, орталық атқарушы органдардың шет мемлекеттер, мемлекетаралық бірлестіктер және халықаралық ұйымдармен қарым-қатынастарындағы іс-қимылды үйлестіруді жүзеге асырады.

Атқарушы органдар жүйесін басқаратын Үкімет шет мемлекеттермен, халықаралық және өңірлік ұйымдармен өзара қарым-қатынастардың дамуын қамтамасыз етеді, сыртқы экономикалық саясатты іске асыру, сыртқы саяси іс-шараларды қаржыландыру бойынша шараларды әзірлейді.

Мемлекеттік органдар тұрақты негізде, өз құзыреті шеңберінде және СІМ-нің үйлестіруімен, елдің халықаралық шарттары мен міндеттемелерін орындау бойынша жұмысты жүзеге асырады, сыртқы саясат саласында тактикалық тәсілдерді және нақты ұсыныстарды әзірлейді. Мемлекеттік органдардың сыртқы саяси салдарларға әкелуі ықтимал ішкі сипаттағы шешімдер қабылдауы СІМ-мен міндетті түрде келіседі.

СІМ басқаратын Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері дипломатиялық қызметтің бірыңғай жүйесінің маңызды құрамдас бөлігі болып табылады. Олардың қызметі аккредиттеу елдерінде, мемлекетаралық бірлестіктерде немесе халықаралық ұйымдарда Қазақстанның ұлттық мүдделерін, оның азаматтары мен заңды тұлғаларын қорғауға және ілгерілетуге бағытталған.

Шет мемлекеттермен сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиялар (комитеттер, кеңестер, форумдар) Қазақстанның мүдделерін ілгерілетудің, бизнес пен мемлекеттің өзара іс-қимылының, екі жақтың мүддесіне сәйкес келетін міндеттерді шетелдік әріптестермен бірлесіп шешудің негізгі құралы болып табылады.

Халықаралық шарттардан және үкіметаралық комиссиялардың (комитеттер, кеңестер, форумдар) шешімдерінен туындайтын уағдаластықтар мен міндеттемелерді жүзеге асыру бойынша бағдарламалар мен жоспарлар әзірленуде.

Сыртқы саясат және сыртқы экономикалық ынтымақтастық саласындағы нақты басымдықтарды іске асыру мақсатында ведомствоаралық комиссиялар мен жұмыс топтары құрылады.

СІМ қызметінің мәселелері жөніндегі Қоғамдық кеңес азаматтық қоғаммен өзара іс-қимылды, қоғамды хабардар ету және қоғамдық сараптама жүргізуді қамтамасыз етеді.

 

6-тарау. Іске асыру кезеңдері және күтілетін нәтижелер

 

Қазақстанның сыртқы саясатының доктриналық негіздерінің болжамдылығын арттыру мақсатында Тұжырымдаманың қолданыс мерзімі 10 жылға дейін ұзартылды. Тұжырымдаманы іске асыру жоспарлары Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітіледі және екі жылда бір рет жаңартылады.

Тұжырымдаманы іске асыру:

1) сыртқы саяси сабақтастық стратегиясы аясында Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігін, оның халықаралық беделін нығайтуға;

2) ұлттық, өңірлік және жаһандық қауіпсіздікті нығайтуға;

3) қолайлы халықаралық орта қалыптастыруға, Қазақстанның әлемнің барлық мүдделі мемлекеттерімен және халықаралық ұйымдарымен достық, тең құқықтық және өзара тиімді саяси және экономикалық қатынастарын нығайтуға;

4) Қазақстанның халықаралық қоғамдастыққа және әлемдік шаруашылық байланыстарға интеграциялануының барынша жоғары деңгейіне, оның ішінде ұлттық экономиканы әртараптандыру және цифрландыру негізінде қол жеткізуге;

5) мәдени-гуманитарлық, ғылым, білім беру және басқа да аралас салаларда халықаралық ынтымақтастықтың қарқындатуға;

6) шет елдерде Қазақстан Республикасы азаматтарының жеке және отбасылық мүдделерін, жеке және заңды тұлғалардың іскерлік мүдделерін қорғауды күшейтуге;

7) мемлекеттің сыртқы саясатының ұзақ мерзімді басымдықтары, практикалық қадамдары және нақты нәтижелері туралы қазақстандық қоғамдастықтың және шет елдердің хабардар болу деңгейін көтеруге;

8) қорытындысында –  мемлекеттің, Қазақстанның ұлттық бизнесі мен халқының сыртқы саяси қызметтен нақты пайда табуына жәрдем етеді.

 

7-тарау. Тұжырымдаманы іске асыруда қолданылатын нормативтік құқықтық актілердің тізбесі

 

1. «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы туралы» 2000 жылғы 20 шілдедегі Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы.

2. «Қазақстан Республикасының дипломатиялық қызметi туралы» 2002 жылғы 7 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңы.

3. «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» 2005 жылғы 30 мамырдағы Қазақстан Республикасының Заңы.

4. «Қазақстан Республикасының ұлттық қауіпсіздігі туралы» 2012 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы.

 



author

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев

ҚАЙРАТКЕР

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...