Қазақ әдебиетінің үш алыбы: бүгін Әуезов, Мұртаза және Бөкейдің туған күні

коллаж MadeniPortal.kz

ЖАҢАЛЫҚТАР
158

Бүгін, 28 қыркүйек – қазақ әдебиетінің үш бірдей көрнекті өкілі Мұхтар Әуезов, Шерхан Мұртаза және Оралхан Бөкейдің туған күні. Биыл Мұхтар Әуезовтің туғанына 129 жыл, Шерхан Мұртазаға 94 жыл, ал Оралхан Бөкейге 83 жыл толып отыр, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Мұхтар Әуезов – қазақ әдебиетін әлемге танытқан классик

Мұхтар Омарханұлы Әуезов 1897 жылы 28 қыркүйекте бұрынғы Семей уезінің Шыңғыс болысында дүниеге келген. Жазушы, драматург, ғалым қазақ әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосып, шығармалары арқылы ұлттық әдебиетті әлемдік деңгейге көтерді.

Қаламгердің ең ірі туындысы – Абай Құнанбайұлының өмірі мен дәуірін суреттеген «Абай жолы» роман-эпопеясы. Сонымен қатар «Қорғансыздың күні», «Жетім», «Көксерек», «Қаралы сұлу» секілді шығармалары қазақ прозасының классикалық мұрасына айналды.

Әуезов жазушылықпен қатар драматургия, әдебиеттану және ғылым саласында да еңбек етті. Ол Лениндік және КСРО Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты атанған.

Шерхан Мұртаза – әдебиет пен журналистиканың тарланы

Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы Жуалы ауданындағы Мыңбұлақта дүниеге келген. Ол жазушы ғана емес, қазақ журналистикасында өзіндік мектебін қалыптастырған қаламгер ретінде де танылды.

Шерхан Мұртазаның шығармашылық мұрасында «Қызыл жебе» роман-тетралогиясы ерекше орын алады. Сондай-ақ жазушының өз анасы мен балалық шағының ауыр кезеңдерін арқау еткен «Ай мен Айша» романы оқырманға кеңінен танымал. Оның шығармаларында әділет, ұлттық рух, адам тағдыры мен қоғам мәселелері кеңінен көрініс тапты.

Шерхан Мұртаза «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», «Социалистік Қазақстан» басылымдарында және басқа да ақпарат құралдарында басшылық қызметтер атқарып, қазақ журналистикасының бірнеше буынының қалыптасуына ықпал етті.

Оралхан Бөкей – Алтайдың асқақ жыршысы

Оралхан Бөкей 1943 жылы 28 қыркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Катонқарағай ауданындағы Шыңғыстай ауылында дүниеге келген. Жазушының туғанына биыл 83 жыл толды.

Оралхан Бөкей қазақ прозасына өзіндік қолтаңбасымен келген қаламгерлердің бірі. Оның шығармаларында Алтай табиғаты, ауыл өмірі, адам жаны, жалғыздық, махаббат пен тағдыр тақырыптары ерекше көркемдікпен суреттеледі. «Қар қызы», «Қайдасың, қасқа құлыным?», «Атау кере», «Біздің жақта қыс ұзақ», «Мұзтау» секілді шығармалары қазақ әдебиетінің құнды мұрасына айналды.

Оралхан Бөкейдің шығармалары көптеген шет тілдеріне аударылған. Қаламгер журналистика саласында да еңбек етіп, өмірінің соңғы жылдарында «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы қызметін атқарды.

 

СПОРТ

Қазақстандық Ясмина Тоқсанбаева Азия ойындарында бірінші келді, бірақ алтын медаль ала алмады. World...

PESTEL

Үндістанның Уттар-Прадеш штатында толассыз жауған нөсер жаңбыр салдарынан кемінде 62 адам қаза тапты...