«15 жыл бұрын ескерттім»: Айгүл Орынбек елдегі қауіпті мәселені ашық айтты

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
118

Заңгер Айгүл Орынбек қоғамдағы әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық мәселесін көтеріп, оның бір себебін теріс діни ағымдардың ықпалымен байланыстырды. Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Орынбектің сөзінше, ол радикалды діни көзқарастардың қоғамға тигізетін ықтимал зардабы туралы 15 жылдан бері айтып келеді. Заңгер әсіресе әйелді кемсітуге, оның құқығын шектеуге үндейтін түсініктердің салдары ауыр болуы мүмкін екенін алға тартты.

«Мен он бес жылдан бері күресіп келе жатқан теріс ағымдардың нәтижесін ұлтымыз енді көріп жатыр. Көздерің жетті ме?!» — деп жазды ол.

Заңгер жазбасында сәләфизм мен уахабизмді атап, аталған ағымдардың өкілдеріне қатысты өткір сын айтты. Оның пікірінше, әйелді ер адамнан төмен қоюға негізделген көзқарастар тұрмыстық зорлық-зомбылықты қалыпты құбылыс ретінде қабылдауға ықпал етуі мүмкін.

Орынбек бұған дейін теріс діни ағымдармен күрескені үшін өзін «діннің дұшпаны» деп айыптағандар болғанын да еске алды. Сондай-ақ ол қаза тапқан әйелдердің құқығын қорғаған заңгер ретінде қазіргі жағдайды үлкен мәселенің «бер жағы ғана» деп бағалады.

Заңгер Ұлттық қауіпсіздік комитетін мәселеге назар аударуға шақырып, елде радикалды діни көзқарастардың қайта күшейіп келе жатқаны туралы пікір білдірді.

«Мен әйел адамның өмірі қорғалатын қауіпсіз елде өмір сүргім келеді», — деді Айгүл Орынбек.

Оның айтуынша, мәселе тек әйелдердің қауіпсіздігімен шектелмейді. Мұндай көзқарастар отбасы институтына, бала тәрбиесіне және тұтастай қоғамға кері әсер етуі мүмкін.

Айта кетейік, жазбадағы теріс діни ағымдардың күшейгені және олардың әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа ықпалы туралы тұжырымдар — Айгүл Орынбектің жеке пікірі. Құзырлы органдар оның мәлімдемесіне қатысты әзірге ресми түсініктеме берген жоқ.

Шоу-бизнес

Блогер Айым Сейтметова жұбайы Талғатпен ажырасып кеткенін әлеуметтік желідегі парақшасында жариялады...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Бүгін, 20 тамыздан бастап Қазақстанда ұялы байланыс саласына қатысты бірқатар жаңа талап күшіне енді...