Елімізден Еуропаға ұшатын жаңа әуе рейсі Шымкентте іске қосылады, деп хабарлайды madeniportal.k...
Қазақ ғылымы қара жамылды: тұңғыш антрополог дүниеден озды
ашық дереккөз
Қазақтың тұңғыш антропологы, көрнекті ғалым, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ұлттық ғылым академиясының академигі Оразақ Смағұлов 96 жасында дүниеден өтті, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Қаралы хабарды Шоқан Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының директоры Зиябек Қабылдинов пен Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры Берік Әбдіғалиұлы жеткізді.
Оразақ Смағұлов 1930 жылы 1 қазанда Қостанай облысы Меңдіқара ауданының Ұялысай ауылында дүниеге келген. 1958 жылы академик Қаныш Сәтбаевтың қолдауымен Мәскеуде антропология саласы бойынша білімін жетілдірген.
Ғалым саналы ғұмырын қазақ халқының антропологиялық қалыптасуы мен этногенезін зерттеуге арнады. Оның іргелі еңбектерінде қазақ халқының төрт мың жылдық тарихи және биологиялық сабақтастығы зерделенді.
1977 жылы жарық көрген «Этническая геногеография Казахстана» атты еңбегі кеңестік цензураға ұшырап, партия басшылығының бұйрығымен жойылған. Зиябек Қабылдиновтың айтуынша, ғалым 15 жыл бойы мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бақылауында болған.
Соған қарамастан Оразақ Смағұлов ғылыми ізденістерін тоқтатпаған. Ол 36 экспедициялық және далалық зерттеуге қатысып, 200-ден астам ғылыми еңбек жазған.
Өмірінің соңына дейін жеті томдық «Қазақстан тарихы» академиялық басылымын әзірлеуге атсалысқан.
Ғалымның еліміздің ғылымына сіңірген еңбегі жоғары бағаланып, «Құрмет» орденімен және Халықаралық Түркі академиясының «Алтын Жұлдыз» медалімен марапатталған.