Алматы қаласында 81 жастағы зейнеткерді ұрлап, оның жылжымайтын мүлкін өз атына жаздыруға әрекеттенг...
Қазақстанда екі жаңа әуе компания пайда болады
Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz
Қазақстанда екі жаңа шетелдік чартерлік әуе компания – вьетнамдық Sun PhuQuoc Airways және Siam Wings Airlines пайда болуы мүмкін, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Вьетнамдық Sun PhuQuoc Airways (SPA) Қазақстанға рейстер орындау жоспары бар екенін мәлімдеді. Әуе компания VN-A925 тіркеу нөмірлі алғашқы Airbus A321neo LR ұшағын таныстырды.
Әуе тасымалдаушысының мәліметінше, A321neo LR нұсқасы екі қосымша жанармай багымен жабдықталған және 4 мың теңіз миліне дейін, яғни шамамен 7,4 мың шақырым қашықтықты еңсере алады. Компанияның айтуынша, бұл ұшақты ұзақ бағыттарда пайдалануға мүмкіндік береді.
Sun PhuQuoc Airways мәліметінше, ұшақ Жапонияға, Қазақстанға және Орталық Азия елдеріне жаңа бағыттар ашу үшін пайдаланылмақ. Компания жаңа әуе кемесін маршруттық желісін кеңейту жоспарының бір бөлігі ретінде қарастырып отыр.
Алайда Вьетнам мен Қазақстан арасындағы нақты бағыт, ұшақ қонатын әуежай, рейстердің жиілігі және ұшуды бастау күні туралы мәлімет әзірге жарияланған жоқ.
Sun PhuQuoc Airways – Sun Group құрған Вьетнамның жас әуе компаниясы. Әуе тасымалдаушысының негізгі базасы – Фукуок аралы. Компания бұл жерден Вьетнам бойынша ғана емес, шетелге де рейстер орындауды жоспарлап отыр.
Қазақстанда тағы бір шетелдік әуе компаниясы жұмысын бастауы мүмкін. SiamWings Airlines әлеуметтік желідегі парақшасында Алматыға сәлем жолдаған сурет жариялады.
"Сәлем, Алматы! Қазақстаннан ыстық сәлем!", – делінген жарияланымның жазбасында.
Жарияланған ақпаратта алдағы рейстерге қатысты басқа мәліметтер жоқ. Атап айтқанда, SiamWings Airlines Алматыға қай қаладан рейс орындайтыны, рейстердің қашан басталатыны және қанша рейс жоспарланғаны әзірге белгісіз.
SiamWings Airlines – Бангкок, Пхукет және Таиландтың басқа да қалаларына рейстер орындайтын тай әуе компаниясы.