Қазақстанда жаңа көліктер 6 миллион теңгеге дейін арзандады

Фото: ЖИ/MadeniPortal.kz

ЖАҢАЛЫҚТАР
730

Қазақстанда жаңа автокөліктердің бағасы айтарлықтай төмендеді. Әсіресе елімізде құрастырылатын көліктердің арзандауы байқалады. Бұл туралы Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Олжас Сапарбеков Үкіметтегі брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. 

Вице-министрдің айтуынша, Ұлттық статистика бюросының деректері жаңа автомобильдер бағасының төмендегенін көрсетіп отыр. 

«Ұлттық статистика бюросының деректеріне сәйкес, қазан айында жаңа автокөліктердің бағасы 14 пайызға төмендеді. Соның ішінде Қазақстанда өндірілетін көліктердің бағасы 17 пайыздан астам азайды», – деді Олжас Сапарбеков.

Жаңа көліктер неге арзандап жатыр?

Бұған дейін Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев та отандық автомобильдер бағасының төмендегенін хабарлаған болатын. Оның айтуынша, соңғы бірнеше айда Қазақстанда шығарылған көліктер шамамен 11 пайызға арзандаған.

Бағаның төмендеуіне автонарықтағы бәсекелестіктің күшеюі, қытайлық брендтердің көбеюі және автосалондардың түрлі жеңілдік бағдарламалары ықпал етіп отыр. 

CarGuru платформасының 2026 жылғы шілде мен қазан аралығындағы зерттеуіне сәйкес, бірқатар танымал автомобиль арзандаған.

Мәселен, Subaru Forester кроссоверінің базалық нұсқасы 23,7 миллион теңгеден 17,7 миллион теңгеге дейін төмендеген. Яғни көлік 6 миллион теңгеге арзандаған.

Ал LADA Granta Classic седанының бағасы 5,99 миллион теңгеден 4,99 миллион теңгеге дейін азайған.

Сондай-ақ Geely Okavango, MG ZS, JAC JS6 және EXEED RX модельдерінің кейбір нұсқалары да арзандаған.

Дегенмен барлық көліктің бағасы төмендеген жоқ. Зерттеуде салыстырылған 592 комплектацияның 89-ы арзандаса, 136-сының бағасы өскен. Қалған 367 нұсқаның құны өзгермеген. 

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаевтың болжамынша, қараша және желтоқсан айларында автокөліктерге қосымша жеңілдіктер жасалуы мүмкін.

Бұған модельдік жылдың аяқталуы себеп. Жаңа жыл қарсаңында дилерлер қоймада қалған автомобильдерді өткізу үшін арнайы ұсыныстар жасайды.

Алайда сарапшылар барлық көлік бірдей арзандайды деп айтуға ерте екенін ескертеді. Кейбір модельдердің бағасы төмендегенімен, басқалары қымбаттауы мүмкін. 

Қазақстанның Автокөлік Одағының мәліметінше, 2026 жылдың қазан айында елімізде 21 912 жаңа жеңіл және коммерциялық автомобиль сатылған. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,5 пайызға көп.

Ал жыл басынан қазан айының соңына дейін 187 698 жаңа көлік сатылған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 3,3 пайызға жоғары.

Ең көп сатылған брендтер қатарында Chevrolet, Hyundai, Kia, Changan және Chery бар. 

ЖАҢАЛЫҚТАР

Ирактың Iraqi Airways әуе компаниясы елдің бұрынғы президенті Саддам Хусейн пайдаланған Boeing 747-S...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Мемлекет басшысы Құрылтай төрағасы Айбек Дәдебайды қабылдады, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. ...