Қазақстанда жаңа Конституция заңды күшіне енді

ашық дереккөз

ЖАҢАЛЫҚТАР
17

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстанда 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумда қабылданған жаңа Конституция заңды күшіне енді, деп хабарлады MadeniPortal.kz.

Конституциялық Соттың хабарлауынша, 1995 жылғы Ата заңның күші жойылды. Жаңа конституциялық модель адам құқықтарының кепілдіктерін кеңейтуді, мемлекеттік институттар жүйесін жаңартуды және мемлекеттік құрылыстың жаңа қағидаттарын енгізуді көздейді.

Соттың мәліметінше, жаңартылған модель Конституцияның үстемдігіне, құқықтық айқындықты нығайтуға, мемлекеттік биліктің жауапкершілігін арттыруға және азаматтардың мемлекет басқаруына қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге негізделген. Сонымен қатар, Қазақстанның егемендігі, тәуелсіздігі, унитарлық мемлекеттік құрылысы, аумақтық тұтастығы және республикалық басқару нысаны өзгеріссіз сақталады.

Мемлекеттің негізгі қағидаттарының қатарына алғаш рет егемендікті қорғау, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, ұлттық бірлікті нығайту, халықтың әл-ауқатын арттыру, қоғамдық диалогты дамыту, еңбекқорлық пен білім құндылықтарын дәріптеу, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраны сақтау енгізілді.

Сондай-ақ Конституция деңгейінде адами капиталды, білім беру жүйесін, ғылым мен инновацияларды дамыту басымдықтары бекітілді.

Жаңа Ата заң ең жоғары заңдық күшке ие және тікелей қолданылады. Барлық нормативтік құқықтық актілер тек оның негізінде қабылдануы тиіс.

Конституциялық деңгейде азаматтардың жағдайын нашарлататын, жаңа міндеттер жүктейтін немесе жауапкершілікті күшейтетін заңдарға кері күш беруге тыйым салу нормасы бекітілді.

Қазақстан Халық Кеңесі заң шығару бастамасы құқығына ие халықтың жоғары өкілді органы ретінде құрылды. Осыған байланысты мемлекеттік институттар арасындағы өкілеттіктер қайта бөлінді.

Конституциялық заңдармен реттелетін мәселелердің тізбесі кеңейтілді. Оған Қазақстан Халық Кеңесінің мәртебесі, елорданың құқықтық мәртебесі, жоғары мемлекеттік органдардың ұйымдастырылуы, сот жүйесі және арнайы құқықтық режимдер енгізілді.

Енді сот ісін жүргізудің негізгі кепілдіктері адамның бостандығы шектелген сәттен бастап ажырамас құқықтары ретінде Конституцияда бекітілді. Олардың қатарында ұсталған сәттен бастап қорғаушының көмегіне жүгіну құқығы, сот бақылауы, негізсіз ұстауға тыйым салу, үнсіз қалу құқығы («Миранда қағидалары») және кінәсіздік презумпциясы бар.

Сонымен қатар мемлекет пен оның лауазымды тұлғаларының заңсыз әрекеттерінен келтірілген зиянды өтеу міндеті алғаш рет Конституция деңгейінде бекітілді.

Сондай-ақ зияткерлік меншік құқығын қорғау, цифрлық құқықтардың кепілдіктері (оның ішінде дербес деректерді қорғау мен киберқауіпсіздік), сондай-ақ мемлекет пен азаматтардың экологиялық жауапкершілігі Конституцияда көрініс тапты.

Конституциялық Соттың мәлімдеуінше, бұл орган жаңа Ата заңның үстемдігін қамтамасыз ету және конституциялық құндылықтарды бірізді түсіндіру мақсатында конституциялық бақылауды одан әрі жүзеге асырады.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астана тұрғыны әлеуметтік желіде баласының балмұздақ жегеннен кейін жансақтау бөліміне түскені турал...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Семей қаласында сауда үйлерінің бірінің қауіпсіздік қызметінің қызметкері ұрлық фактісі бойынша поли...