Талғарда Хасан Қасымбаевтың соты өтіп жатыр, деп хабарлайды MADENIPORTAL.KZ. Оған адам ұрлау, денс...
Қазақстандық оқушылар халықаралық математикалық олимпиадада алты медаль жеңіп алды
Фото: gov.kz
2026 жылғы 13–21 шілде аралығында Қытайдың Шанхай қаласында өткен 67-ші Халықаралық математикалық олимпиадада (International Mathematical Olympiad, IMO) Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетті. Әлемнің 117 елінен 700-ге жуық дарынды оқушы қатысқан беделді білім додасында қазақстандықтар үш күміс және үш қола медаль иеленді, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Күміс жүлдені Алматы қаласындағы «Haileybury Almaty» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Тимур Мұрат, «NURORDA» мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Әли Еркебұланұлы және Республикалық физика-математика мектебінің 10-сынып оқушысы Батырхан Бейганов жеңіп алды.
Ал қола медальдар Алматыдағы «NURORDA» мектеп-лицейінің 11-сынып оқушысы Ерасыл Алтынбекке, Астанадағы Spectrum халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Марғұлан Шарелге және «Haileybury Almaty» халықаралық мектебінің 12-сынып оқушысы Амирлан Аманжоловқа бұйырды.
Қазақстан құрамасын Қазақстан-Америка еркін университетінің президенті Асылбек Әбдіәшімұлы Исахов пен халықаралық және республикалық олимпиадалардың бірнеше дүркін жүлдегері Қанат Қайратұлы Сатылханов бастап барды.
Айта кетейік, Халықаралық математикалық олимпиада 1959 жылдан бері өткізіліп келеді және әлемдегі ең беделді әрі ең көне пәндік олимпиадалардың бірі саналады. Қазақстан бұл зияткерлік додаға 1992 жылдан бері тұрақты қатысып келеді.
Осы уақыт ішінде ұлттық құрама олимпиадаға 34 мәрте қатысып, жалпы саны 16 алтын, 54 күміс, 86 қола медаль мен 30 Құрмет грамотасын жеңіп алған. Бұл көрсеткіштер қазақстандық оқушылардың жоғары дайындық деңгейін, ұстаздардың жүйелі еңбегін және еліміздің халықаралық олимпиадалық қозғалыстағы берік орнын тағы бір мәрте дәлелдейді.