Қазақстандықтар блогердің жазбасынан кейін бір отбасыға 72 күнде үй салып берді

Фото: видеодан скриншот

ЖАҢАЛЫҚТАР
99

Баспанасы өртеніп, қиын жағдайға тап болған отбасыға қазақстандықтар 72 күннің ішінде жаңа үй салып берді. Бірі жерін қазып, енді бірі көлігін беріп, құрылыс материалдарын тасып, тіпті қоныс тойға мал сойып әкелгендер де болды. Бір блогердің әлеуметтік желідегі бір ғана жазбасы бүкіл қазақстандықтарды ортақ іске жұмылдырды, деп хабарлайды MadenipPortal.kz "Бірінші Еуразия" телеарнасына сілтеме жасап. 

Әлеуметтік желіде миллиондаған қаралым жинаған бұл асар туралы видеоны көпшілік көрген болар. Қазақстандықтар тағы да елдіктің, бірліктің және қайырымдылықтың жарқын үлгісін көрсетті. Басына қиындық түскен отбасыға жұртшылық бір жеңінен қол, бір жағадан бас шығарып, жаңа баспана тұрғызып берді.

Ай мен күннің аманында бір отбасының шаңырағын өрт шалды. Қайғылы оқиға салдарынан отбасы баспанасыз қалды. Бұл жағдайды естіген блогер Әлібек әлеуметтік желі арқылы ел-жұртқа үндеу жасап, қазақстандықтарды асарға шақырды. Оның бастамасын мыңдаған адам қолдап, жанашыр жандар ортақ іске атсалысты.

Асарға бірнеше ірі кәсіпкер де қолдау білдірген. Жаңа үйге өрт қауіпсіздігі жүйесі, бейнебақылау камералары және өзге де қажетті қауіпсіздік құралдары орнатылды.

Кәсіпкер Тұрар Айтымбеттің айтуынша, бұрын бұл отбасының үйінде қайғылы оқиға болған. 

"Бұл үйде ағасы қайтыс болған, одан кейін өрт болған, көлігі, үйі өртенген. Осы оқиғалардан кейін біз бұл жерге өрт сөндіргіштер, өрт дабылы, домофон және басқа да қауіпсіздік жүйелерінің барлығын толық орнатып бердік", – дейді кәсіпкер Тұрар Айтымбет.

Қайырымды іске 74-ке жуық кәсіпкер қолұшын созған. Олардың бірі ауыр техникасымен жерді тегістесе, енді бірі кірпіш пен құрылыс материалдарын жеткізген. Ал жомарт жандардың бірі баспананың шатырын толықтай жауып берген. 

Кәсіпкер Сәбит Сапарбаев блогер Әлібекті бұған дейін әлеуметтік желі арқылы танығанын айтады. 

"Әлібек бауырымызды бұған дейін Instagram желісінен танитынбыз. Осы жерде өзінің бастамасын әлеуметтік желіге жариялап, асарға шақырғанын көрдік. Біз де қолдауды жөн көрдік. Бұл үйге қосқан үлесіміз  шатырынан бастап, барлық қажетті дүниелерін, су ағар жүйесіне дейін толықтай жасап, жеткізіп бердік", – дейді кәсіпкер Сәбит Сапарбаев.

Ал барша жұрттың басын қосып, осы игі іске мұрындық болған блогер Әлібек құрылыс саласына да бөтен емес. Оның айтуынша, қазақ халқының ежелден келе жатқан асар дәстүрін жаңғыртып, қиындыққа тап болған жандарға қолдау көрсету – басты мақсат.

"Бұл жерге ірі компаниялар да, үлкен кәсіпкерлер де, шағын компаниялар да қосылды. Бір де бір адамнан ақша жиналған жоқ. Бір теңге де ақша қосылған жоқ. Барлығы өз мүмкіндігіне қарай көмектесті", – дейді блогер Әлібек.

Үй иелері көздеріне жас алып, қиын күнде қолдау көрсеткен барша қазақстандыққа алғыстарын білдірді.

Ел тұрғындарының жанашырлығы мұнымен де шектелмеді. Қоныс тойға арнайы келіп, дастарқан жайып, мал сойып әкелгендер де болды.

Кәсіпкерлердің берекелі бірлігі мен ел азаматтарының ырысты ынтымағының арқасында бой көтерген бұл баспана – жомарт жүректердің шынайы жемісі. Алғашқы іргетасы қаланғанына небәрі 72 күн өтсе де, еңселі әрі көрікті шаңырақ бой көтерді. 

Шоу-бизнес

«Қазақ аруы – 2025» байқауының жеңімпазы Дәрия Қуатжан әлеуметтік желідегі парақша...

Шоу-бизнес

Алматыда өтіп жатқан Media Basket Almaty турнирі спорт пен ойын-сауықты қатар ұштастырып, көрерменде...