Оңтүстік Кореяның экс-президентіне жаңа айып тағылды, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. Бүгін Оңтүсті...
Қазақстандықтар Түркияға жеке куәлікпен қатынауы мүмкін
Фото: ЖИ
Алдағы уақытта Қазақстан азаматтары Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстанға шетелдік төлқұжатсыз, тек жеке куәлікпен саяхаттай алуы мүмкін, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.
Қазіргі таңда мұндай тәртіп Әзербайжан мен Түркия арасында қолданыста бар. Енді осы мүмкіндікті Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше өзге елдерге де кеңейту мәселесі қарастырылып жатыр. Бұл туралы ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев мәлімдеді.
Оның айтуынша, ұйымға мүше мемлекеттердің азаматтары өзара сапарларды жеке куәлік арқылы жүзеге асыра алуы үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде.
«Біз бұл мүмкіндікті басқа да түркі мемлекеттерімен енгізу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Әңгіме Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстан туралы болып отыр. Мұны бір ғана елмен емес, бірнеше мемлекетпен бірлесіп жүзеге асыруға болады», – деді ол.
Бас хатшының сөзінше, жоба әзірге дайындық кезеңінде тұр. Сондықтан оның нақты қашан іске қосылатыны әзірге белгісіз.
«Бұл мәселе біздің күн тәртібімізде тұр. Жоба Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан, Қазақстан және Өзбекстанды қамтиды. Оны мүмкіндігінше қысқа мерзімде жүзеге асыру үшін қажетті жұмыстар жүргізіліп жатыр», – деп атап өтті Кубанычбек Өмірәлиев.