Қазақстанның үш университеті Азияның үздік 100 жоғары оқу орнының қатарына енді

ЖИ

ЖАҢАЛЫҚТАР
39

Қазақстанның үш университеті Азиядағы ең үздік 100 жоғары оқу орнының қатарына кірді. Еліміз Орталық Азияда мұндай нәтижеге қол жеткізген жалғыз мемлекет атанды. Бұл туралы QS Quacquarelli Symonds халықаралық талдау агенттігі жариялаған QS Asia University Rankings 2027 рейтингінде айтылған, деп хабарлайды MadeniPortal.kz. 

Биыл халықаралық рейтингке Қазақстанның 51 университеті енді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда жеті жоғары оқу орнына көп. Жалпы рейтингте Азияның 26 елі мен аумағынан 1722 университет бағаланған. Қазақстан рейтингке енген жоғары оқу орындарының саны бойынша Азияда 10-орынға тұрақтады.

Азиядағы үздік 100 университеттің қатарына енген қазақстандық жоғары оқу орындары:

  • Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – 46-орын;

  • Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті – 62-орын;

  • Satbayev University – 89-орын.

Рейтингте айтарлықтай жоғарылаған университеттердің бірі – NU. Оқу орны бірден 62 сатыға көтеріліп, 139-орынға ие болды. Осылайша, Азияның үздік 200 университетінің қатарына қосылды. Ал Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті 64 сатыға жоғарылап, 618-орынға тұрақтады.

Қазақстандық университеттер шетелде білім алу мүмкіндіктері мен оқыту сапасын сипаттайтын көрсеткіштер бойынша да жоғары нәтиже көрсетті. Мәселен, академиялық алмасу бағдарламалары арқылы шетелге шығатын студенттердің үлесі бойынша еліміздің орташа көрсеткіші 58,8 балды құраса, Азиядағы орташа деңгей 22,6 балл болған.

Сондай-ақ қазақстандық жоғары оқу орындары жұмыс берушілер арасындағы беделі бойынша 38,8 балл жинап, Азиядағы орташа көрсеткіштен (24,9 балл) озды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушылар мен студенттер санының арақатынасы және академиялық алмасу бағдарламалары бойынша Азияда 12-орынға ие болды. Ал NU халықаралық ғылыми ынтымақтастық көрсеткіші бойынша 24-орынға тұрақтады.

QS агенттігінің аға вице-президенті Бен Саутер Қазақстанның Орталық Азиядағы көшбасшылық орнын сақтап отырғанын атап өтті. Дегенмен ол ғылыми зерттеулердің халықаралық ықпалын арттыру әлі де маңызды міндет екенін жеткізді.

Агенттіктің өңірлік директоры Сергей Христолюбовтың айтуынша, биыл рейтингке Қазақстанның 19 қаласынан университеттер енген. Бұл еліміздің халықаралық білім беру кеңістігіндегі орны нығайып келе жатқанын көрсетеді.

Айта кетейік, QS Asia University Rankings рейтингі университеттерді академиялық беделі, түлектердің жұмысқа орналасу мүмкіндіктері, білім беру сапасы, ғылыми зерттеулер мен халықаралық ынтымақтастықты қамтитын 11 көрсеткіш бойынша бағалайды.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Салтанат Нүкенованы өлтіргені үшін сотталған Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарман экс-к...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Қазақстан халықаралық жасанды интеллект нарығындағы позициясын нығайтып, Еуропа мен Азия арасындағы...