Құқықтық сана - қоғамның айнасы

Жаңалықтар
879

Құқықтық сана туралы айтар болсақ, ол – қоғамдық сананың ажырамас бір бөлігі немесе сол қоғамдық сананың бір түрі деп айтуға болады. Сонымен қатар, ол өзге саналарға қарағанда тек өзіне ғана тән ерекшеліктерімен айқындалады. Мемлекетте қалыптасқан құқықтық жүйеге байланысты құқықтық сана – әділ сот жұмысының айқындаушысы немесе айнасы іспетті. Осылайша құқықтық санаға баға беріліп және сол құқықтық сананың қаншалықты әділетті екені реттеледі. 



Сот қызметтері тарапында болып жататын заңсыздықтар, тіпті адам сенгісіз бассыз шешімдер мен көріністер азаматтың ой елегінен өткізіліп, өзінің тұрып жатқан қоғамына байланысты көзқарас қалыптастырады. Ол әділетті қоғам ба әлде әділетсіздік жайлаған жексұрындық па, соның басы ашылып, бағасы беріледі. 

Егер осы тақырыпқа тереңірек үңілетін болсақ, жалпы құқықтық сана қоғамның тапқа бөлінуімен қатар, мемлекет пен құқық пайда болған сәттен бастап қалыптасады да, әртүрлі мазмұндық ерекшеліктерге ие болады. 

Мысал ретінде ертедегі құл иеленушілердің құқықтық санасын айталық. Олар қол астындағы құлдарды езіп, таптап, жаншып, соңғы сөлі қалғанша қанауды ғана көздеді. Осының барлығы оларға заңды саналды. Себебі сол кездегі сана солай қалыптасты. Ал құлдар тарапына келсек, олардың көкейтесті армандары азаттық пен еркіндік, қалай болғанда да бостандыққа шығу жолын көкседі. Бұл осы жалғанға бір-ақ рет келіп-кететін әр адам баласына тән қалау болып табылады. Нақтылы мысалдарға тоқталсақ, біздің дәуірімізге дейінгі I ғасырдағы Римдегі Спартак, біздің дәуірімізге дейінгі II-I ғасырларда орын алған Қытайдағы «Сары тартқандар» және «Қызыл қастар» сияқты көтерілістерді атап өткен абзал. Осыған қарағанда таптық қоғамда адам санасы да таптық сипатқа ие болып, қоғамның екі бөлінуіне жол ашады.

Сонымен қатар құқықтық сана бойында саяси мазмұн мен сипат та орнайды. Бұл дегеніміз - мемлекеттің жүргізіп отырған саяси бағыты мен ондағы процестердің әсерінен туындайтын ерекшелік. Соның салдарынан Заңның өзі сол мемлекет ұстанып отырған саясатқа тәуелді болуы да ықтимал. Тоталитарлық жүйе қалыптасқан мемлекеттерде жеке басқа табынушылық өріс алып, сол табынушылық мемлекеттік дәрежеде нығайтыла түседі. Сол кездегі құқықтық санада «халық жауы» деген ұғым қалыптасты. Осы арада фашизм де осы тектес сана тудырды. 

Құқықтық сананың қоғамдағы сипатына көптеген жәйттер әсер етеді. Оның құрамына саяси, көркем, эстетиқалық, теориялық және діни, этикалық саналар да кіріп, өзіндік қолтаңбасын қалтырады. Және осы айтқан компоненттермен тығыз байланыста дамып, жетіледі. Сондай-ақ осы аталған бір сананың түрі жалпы құқықтық санаға өзекті әсер етуі мүмкін. Кейде осындай жағдайдың салдарынан санқилы тұрпайы мінез-құлықтар қоғамда орын алып, жат қылықтарды бойына сіңіреді.

Сонымен, құқықтық сана атауын былай деп пайымдауға келеді. Адамдардың бойындағы қоғамдық сана ретінде қалыптасқан: мемлекеттегі заңдар, құқық, олардың қағидалары, идеялары мен теориялық және сезім түсініктері сияқты жиынтықтан құқықтық сана түзіледі. 

Осы орайда құқықтық сананың экономикалық негізі – жеке адамдардың меншікке деген түсінігінен туындайды. Ол өз кезегінде құқықтың өзімен және құқықтық мекемелер арасында қатынас орнату арқылы әрекеттер жасайды. Егер осы аталған қарым-қатынас жағдайына сына түссе, онда күллі құқықтық реттеу мәселесі дағдарысқа түсуі мүмкін. Сонымен қатар, құқықтық сананың қоғам өміріне ықпал ететін біршама әсерлері бар: ол - құқық қалыптастыру процесіне белсенді түрде ықпал етеді, сонымен қатар халық қалаулылары және халықтың өзі мен мемлекеттік қызметтегі лауазымды тұлғалардың құқықтық саналары неғұрлым биік болған сайын, қабылданған заңдар сапалы болып, жалпы ұлттық мүддені алдыға қойып, жеке топтық, таптық, партиялық мүдделерден аулақ болады; құқықтық сана қабылданған нормативтік-құқықтық қағидалар аясында сақталады; жалпы қоғамда орын алған құқықтық сана құқыққа қатысты процестер жүзінде анық келбетін ашып, өзіндік ерекше рөлге ие болып, әділеттілік пен әділетсіздіктің айқындаушы барометріне айналады. Оның айқын көрінісі мемлекеттік қызметтегі адамның пара алуы, бюрократтық іс-қимылдары халықтың санасына әсерін тизігіп, кей жағдайларда дағдарысқа апарып, сенімсіздік тудырады; келесі ретте құқықтық сана құқық бұзушылықпен күресу мен оның алдын алуды қарастыратын шараларды жүзеге асыруға орай келтіреді. Сондықтан құқықтық сана межесі неғұрлым жоғары болған сайын, соғұрлым мемлекеттегі қоғамдық тәртіп берік болып әрі нығая түседі.   

Жаратылыс әлеміндегі өзге тіршілік иелерінен адамның басты айырмашылығы - оның еркі мен санасының болуы деп саналады. Сана, көңіл көзі арқылы елестету, арман-мұрат сынды адами таза сезімдердің арқасында адамдар бір-бірімен қарым-қатынас орнатып, араласады. Осындай араласудың әсерінен қоршаған ортадағы адамдардың санасы мен еркі де өзгеріске түсіп, жеке адамның шындық сияқты құнды түсінігі қалыптасады.  

Қоғамдық сананың құрамына: құқық, мораль, ғылым, өнер, идеология, дін және тағы басқалары кіреді. Осы аталған сана формалары дүниенің құпиясын ашуға және адамның сол ортаға деген көзқарасын тудыруға жол ашады.  

Мысал ретінде айтар болсақ, дін осы дүниені тек діни ұғым бойынша және  Жаратушының атымен байланыстырып ұғындыруға тырысады. Сондай-ақ ол қоғамдық сананың бір формасы ретінде қоғамдағы құқыққа қатысты жағдаяттар мен үрдістерді түсінуге бейімдеп, олардың өзгеру процестерін де суреттейді. 

Қоғамдағы жағымды және жағымсыз әрекеттердің басын ашатын да осы құқықтық сана болып табылады. Және өз рөліне байланысты қарым-қатынастың орнауына мүмкіндік жасайды. Сонымен қоғам мүшесі осындай әсерлерден қалыптасқан құқықтық негізді ұғынып, оның нормаларын мойындап, бағынуға икемделеді. Осымен қатар қоғамдағы құқықты мойындамау, оған қарсы әсер беретін пиғыл тудырып, тіпті қоғамға еш қажеті жоқ дүние сияқты көрсетуге талпынатын іс-қимылдар да ұшырасып жатады.  

Құқық әлеуметтік құбылыс ретінде танылып, халықтың өмір сүру ортасындағы шындықты, әділеттілікті айқындайтын құрал ретінде негізделген құқықтық нормалар, заңдар болып табылады. Осы орайда әділеттілік туралы ұғымды алатын болсақ, ол – бостандық, теңдік және қоғамдық татулық деген қасиетті түсініктерден түзіледі. 

Сонымен құқықтық сана қоғамның дамуына аса қажетті екенін білгеніміз жөн. Сондай-ақ, ол – жалпы құқықтың өріс алатын қайнар көзі болып саналады.

Мемлекеттің басты байлығы оның халқы дейтін болсақ, оның арқа сүйеп, өмір сүруге мүмкіндік беретін сара жолының негізі құқықтық сананың тереңдігінде жатады. Бұқара халық арасында кейбір келеңсіздіктердің орын алуы сол өзінің құқықтық санасының жетілмеуінен орын алған олқылықтардан туындайды. Заң ешкімді таңдамайды. Сөзімізді қорыта келгендегі түйін: бәріне ортақ және бағынуға тиісті құқықтық жүйе ғана елдің өркендеуіне кепілдік бере алады.


З. Самалбекұлы

Шоу-бизнес

Атақты продюсер Баян Мақсатқызы сұхбат барысында өмірінде өткен қиын кезеңдерімен бөлісті, деп хабар...

Жаңалықтар

Бүгін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен Қ. Қуанышбаев атындағы Қазақ Ұлттық музыкал...