Әкелі-балалы Кантемирлердің бірі орыс әдебиетінің негізін салушы, бірі молдаван әдебиетінің классигі...
«ҚУЫРШАҚТАР ШАҚЫРАДЫ – 2019» ІІ театрішілік фестивалі
Мемлекеттік ҚУЫРШАҚ театры – республика тарихындағы тұңғыш қуыршақ театры. Қазақ жерінде өткен ғасырдың басында пайда болған қара шаңырақ бірнеше буын жастарды тәрбиелеп, балдырғандардың жан-жақты азамат болып қалыптасуына өз үлесін қосып келеді. Биылғы маусымның өзінде «Сағыныш шөбі» (авт.: Р.Отарбаев, реж.: Р.Жаныаманов), «Арман әлемі» (реж.: Н.Көшербаев), «Батылдар уақыты» (реж.: А.Зайцев), «Медея» (авт.: Еврипид, реж.: А.Салбан), «Ромео-Джульетта» (авт.: У.Шекспир, реж.: Д.Жұмабаева) сынды сан түрлі оқиғаларды сахналайтын қойылымдар көрермен назарына ұсынылып, көпшіліктің зор қошеметіне бөленді. Елімізде және шет елдерде өткен республикалық, халықаралық театр фестивальдерінде топ жарып жүрген өнер ошағының репертуарлық саясатының ауқымы кең.
Осы орайда, театр ұжымы 21 наурыз - ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҚУЫРШАҚТАР ТЕАТРЫ күніне орай екінші рет ағымдағы жылдың 18-21 наурыз күндері аралығында «ҚУЫРШАҚТАР ШАҚЫРАДЫ – 2019» атты ІІ театрішілік фестивалін өткізеді. Фестивальдің басты мақсаты – театр репертуарындағы 2018-2019 жылдар аралығында саxнаға жол тартқан қойылымдарды саралай отырып, қуыршақ өнерінің қоғамға әсер-ықпалын арттырып, дәстүрлі ұлттық қуыршақтарымызды жаңғырта түсу арқылы жас ұрпақты ізгілік идеяларына тәрбиелеу. Қуыршақ театры өнерінің дамуы жолында көркемдік-эстетикалық ізденіс көкжиегін кеңейту.
Фестиваль аясында кәсіби сарапшылар мен көрермендер назарына театр репертуарынан 5 қойылым ұсынылып, спектакль соңында талдау жасалынады. Аталмыш шараға қазылық етуге Ресей және Түркия елдері мен Астана қаласынан арнайы сарапшылар шақырылды. Олардың қатарын: Ешмұратова Құралай Халекетқызы – режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, Астана қалалық қуыршақ театрының көркемдік жетекшісі (Қазақстан Республикасы, Астана), Смирнов Кирилл Эдуардович – «Поколение» театрының қуыршақ жүргізу маманы, (Ресей Федерациясы, Санкт-Петербург), Марина Юдже – режиссер, «Tempo» қуыршақ театрының директоры және театрдың көрерменмен байланыс жөніндегі жетекшісі (Түркия, Анкара) құрайды.
«ҚУЫРШАҚТАР ШАҚЫРАДЫ – 2019» атты ІІ театрішілік фестивалінің алғашқы күні еліміздің телеарналары мен радиоларынан, түрлі басылымдардан тілшілер келіп, баспасөз конференциясымен басталады.
Сондай-ақ, фестивальдің ашылу салтанаты аясында – «Asia Doll» Қазақстан қуыршақ жасау шеберлерінің шығармашылық одағы дизайнерлік қуыршақтар мен Teddy аюларынан көрме ұйымдастырмақ. Биылғы жылы аталмыш көрмеге Алматы, Өскемен, Көкшетау, Тараз, Теміртау, Астана, Семей, Алтай, Бішкек, Нижний Новгород, Санкт-Петербург, Калининград, Барнаул қалаларынан ең таңдаулы деген 25 шебердің түрлі техникаларда: полимерлі балшық, тоқыма, киіз қуыршақтарынан жасалған жұмыстары көрермен назарына ұсынылады. Өнер туындыларының қатарын Teddy аюлары, дизайнерлік әшекейлер, ойыншықтар және кәде сыйлар толықтырмақ.
Театрішілік фестивальдің үшінші күні сарапшылар қатысуымен шеберлік сағаттары өтеді.
«ҚУЫРШАҚТАР ШАҚЫРАДЫ – 2019» ІІ театрішілік фестиваліне қатысқан қойылымдар мен театр артистері: «Үздік қойылым», «Үздік актер», «Үздік актриса», «Үздік қуыршақ жүргізушісі», «Үздік қуыршақ дауысы», «Үміт», «Үздік эпизод», «Үздік қуыршақ жасау шебері» сынды аталымдар бойынша марапатталмақ.
Айжан ЕСЕНГЕЛДІ
БАҚ жөніндегі менеджер
Байланыс телефоны: +7 (727) 234-79-21
+7 (702) 122 12 40