Қырғызстанда суға батып өлген қазақстандық боксшы жайлы тың дерек шықты

Сурет ашық дереккөзден алынды

ЖАҢАЛЫҚТАР
959

Спорт журналисті Аслан Қаженов 21 жастағы боксшының өліміне қатысты ақпаратты жария етті, деп хабарлады MADENIPORTAL.KZ.

«Бірер күн бұрын көрші қырғыз елінде қайғылы жағдай болды. Шымкенттік жас боксшы Ибрагим Ирисматов Ыстықкөлде суға батып, өмірден өтті. Дәл сол уақытта бокстан Қазақстан құрамасы да аталмыш аймақта жаттығу жиынын өткізіп жатқан. Яғни, Бақыт Сәрсекбаев баптайтын жастар командасы дайындықты пысықтады. Енді қазір әлеуметтік желіде алып-қашпа әңгіме көбейді. Осы тұрғыда боксшы баланың жеке бапкері Әлішер Эрметовке хабарласып, жай-жапсарын білдім.

- Өте ауыр жағдай. Ибрагим небәрі 21 жаста еді. Боксқа осыдан екі жыл бұрын келді. Қызығушылығы өте жоғары. Білімге де құштар. Шымкенттегі университетте оқып жүрді. Қысқасы, ол Ыстықкөлге менімен бірге барды. Біз төрт адам болып жолға шықтық. Яғни, шәкірттерімнің бірі, нақтырақ айтқанда, Санжарәлі Бегалиев ұлттық құрама сапында бар. Сондықтан, Санжар және мен жаттығу жиынына келдік. Ал, қасымдағы екі шәкіртім өз ақшаларымен бірге ілесіп жүрді. Біз ұлттық құрамамен спорттық базаға орналастық. Олар басқа қонақ үйде жатты. Жаттығу процесі басталып кетті. Қайғылы жағдай орын алған күні біз түстен кейін спарринг жасауымыз керек еді. Ал, түске дейін суға шомылдық. Демалыс уақыты ғой былай айтқанда. Ибрагим де сол жерде бәрімен бірге жүрді. Жас боксшылар болғасын бір-бірімен араласады. Бір-бірімен әңгімелеседі. Суға батты деген суық хабарды естіп, оқиға орнына жүгіріп бардым. Бірақ, бәрі кеш. Сол күні су салқындау болған. Сіңірі тартылып қалған сияқты. Бұл – менің ойым. Нақты медициналық анықтаманы әкесіне берді. Ол кісі осында келіп, баланың денесін алып кетті.

- Ибрагим ұлттық құрама сапында не қалалық құрама сапында бар ма еді?

- Жоқ. Жаңа ғана айттым ғой. Екі жыл бұрын ғана боксқа келді. Бірер жарысқа қатысып көрді. Құлшынысы күшті. Бірақ, іріктеу кезеңдерінен аса алмады. Әсіресе, соңғы рет Талдықорғандағы жастар арасындағы ішкі біріншілікте бақ сынаған. Бірінші айналымнан өтті. Екінші айналымда жеңілді. Ұлттық құрама сапында да, қалалық құрама сапында да жоқ», - делінген Аслан Қаженовтың әлеуметтік желідегі парақшасындағы жазбада.

Аслан Қаженов боксшы баланың бапкерінен оқиға жайлы сұрастырып көрген.

«-Қайғылы оқиға орын алғанда Бақыт Сәрсекбаев болды ма? Жалпы оның жаттығу бағдарламасында суға жүзу деген дисциплина бар ма еді?

- Таңғы он бірлердің шамасы ғой. Ол кезде аға бапкер болмады. Әркім әр аумақта жүзіп жүрген. Әлгі хабарды алып, күйзеліске түсіп кеттік. Ал, енді жаттығу бағдарламасында жүзу бар ма, жоқ па, білмедім. Қазір өзінен сұрап берейін. Жалпы Ибрагим ұлттық құрамамен мүлде жаттықпады.

- Бұның бәрін сұрап отырғаным әлеуметтік желіде алып-қашпа әңгіме көп...

- Иә, ол әңгімеден мен де әбден шаршадым. Әсіресе, ата-анасына ауыр. Жалған ақпарат таратып, жағдайды ушықтырып отырғандарды сотқа беретін шығармын…

Шымкент қаласының спорт басқармасы мен Қазақстан бокс федерациясына да хабарластым. Шамамен осыған ұқсас жауап алдым. Соған қарамастан, бокс федерациясы отбасына қолдан келгенше көмектесеміз деп отыр. Ауыр жағдай. Ибрагимнің отбасына қайғырып көңіл айтамыз...
», - делінген жазбада.

ЖАҢАЛЫҚТАР

Астанада қоғамдық көлік пен шағын автобус соқтығысып, бір адам көз жұмды, деп хабарлайды MadeniPorta...

ЖАҢАЛЫҚТАР

Алматы – Орталық Азиядағы ең жылдам өсіп жатқан туристік хаб, деп хабарлайды MadeniPortal.kz.А...