Қазақстан 2025 жылы ғарышқа отандық зымыран тасығышты ұшыруды жоспарлап отыр. Бұл туралы цифрлық дам...
Қызылордалық 11 жасар өрен екінші кітабын шығармақ
Қызылордалық Алтынай Берік – бүгінде 50-ден астам ертегінің авторы.
6 сыныпқа көшкен қаршадай қыздың жуырда алғашқы кітабы жарық көрді. Халық ауыз әдебиетінің қайнар бұлағынан нәр алған 11 жастағы өрен – түрлі деңгейдегі 50-ге жуық марапат-мадақтаудың иегері. Ұлттық фольклорға терең бойлаған талапты оқушының ертегімен қатар өлең шығарып, әңгіме құрастыратын өнері де бар.
«Сәулетті әсем қалам, Қызылордам
Сыйлаған мендей ақын қызына арман,
Көз жүгіртсем кешегі өткеніне
Сенде талай тарихтың жүгі қалған».
Бұл шумақтар – Алтынайдың туған жері Қызылорданың 200 жылдық мерейтойына арнап шығарған жүрекжарды жыры. 7 жастан бері өз ертегісін құрастыруды бастаған ол ой тұңғиығындағы бейне, кейіпкерлерді әуелі сурет қылып салады. Содан кейін қағаз бетіне түскен бедерге тіл бітіріп, ертегі желісін жазады. Ол аллегориялық теңеу, яғни жан-жануарлардың іс-әрекеті арқылы достық, қайырымдылық секілді қасиеттерді жеткізеді. Кітапты насихаттайды.
Алтынай Берік, ертегіші:
- Менің көп достарым кітап оқымайды деп айта алмаймын, бірақ олар кітап, газет-журнал оқығаннан гөрі ғаламторға кіргенді ұнатады деп ойлаймын. Сол себепті достарымды кітап оқуға шақырамын.
Аймақ басшысының қолдауымен басылып шыққан алғашқы 62 беттік жинаққа 32 ертегі, 13 өлең және 10 шақты әңгімесі кірген. Республикалық «Ақжелкен», «Мөлдір бұлақ», «Ертегілер елінде», «Ұлан», «Балдырған», жергілікті «Халық», «Тіл сақшысы», «Сыр бойы», «Сыр дидары», «Ақмешіт» апталығы секілді басылымдар Алтынайдың жаңа туындыларын асыға күтіп отырады екен. Дарынды өреннің қазірде 2-кітабы қатталып жатыр. Жас жазушының қарымын байқаған өнертанушы, әдеби сыншылар бұл шығармалардың балалар әдебиетінде орны ерекше екенін айтады.
Бекжан Махамбетов, өнертанушы:
- Балалар әдебиеті жоқтың қасы. Қазақ шығармаларында кілең орысша киіндіріп қойған балалар. Сөздері түсініксіз, оқулықтар нашар. 11 жастағы бала 2 кітап жазды дегенге таңғалып отырмын. Мен бірінші рет көріп отырмын, бұл зор байлық. Мың дана аз, 10 мың дана шығару керек. Әр отбасыға осы кітап керек. Безендіруі, көркемдігі, түрлі-түстілігі, дизайны өте жоғары деңгейде істелген кітап екен.
Сырбойылық қаламгер үнемі Елбасына өлең жолдарын жолдап отырады. Мемлекет басшысы ізгілікпен жауап қатып, «Еуразия жүрегінде» атты кітап сыйлап, жүрекжарды лебізін жазып жіберген. Бұл әсершіл, сыршыл Алтынайдың лүпіл қаққан жас жүрегі мен қаламына одан сайын қанат бітірді.
Авторлары: Қамбар Бекенов, Қанат Еңсебаев, Руслан Айтмамбетов